Қазақстандық ғалымдар жолдағы климатты бақылау датчигін ойлап тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Отандық ғалымдар Қазақстанның жаңа жол климаттық зонасын анықтауға мүмкіндік беретін құрылғы ойлап тапты. Тың жоба елордада ҚР Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми қолдауымен өтіп жатқан «Қазавтожол-Kaztraffic-2021» халықаралық көрмесінде таныстырылды.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстары ел өңірлерінің климаттық жағдайларын ескере отырып, жол жұмыстарының технологиясын түзетуге көмектеседі. Биылдан бастап еліміздің автомобиль жолдарында өлшеу кешендері, атап айтқанда, температура мен ылғалдылық датчиктері орнатылуда.
Біз 5 жыл бойы мониторинг жүргізіп, нәтижесінде Қазақстанның жаңа жол климаттық зонасын анықтаймыз. Осы уақытқа дейін жолды және нормативтерді есептегенде жол климаттары Кеңес одағында орнатылған климатпен есептеліп келді. Ал қазір ғылыми жұмыстарымыз арқылы материалдарды, конструкцияларды, есептерді ретке келтіріп, жаңартып отырмыз. Ең бастысы, жолдың сапасын, беріктігін арттыруға мүмкіндік туды, - деді ҚазжолҒЗИ вице-президенті Ербол Айтбаев.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 28 датчик орнатылған. Датчиктердің әрбір жиынтығын орнатпас бұрын оларды ҚазжолҒЗИ зертханасында жол жамылғысы материалдары мен жер төсемі топырақтарының әр түрлері үшін калибрлеу жүргізілді.
Мониторинг жүйесі Қазақстанның жол желісінде алғаш рет қолданылуда. Аталған зерттеу жол жұмыстарына жұмсалатын шығындарды қысқартуға көмектеседі. Себебі ол еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі климаттық жағдайларын ескере отырып, құрылыс, қайта жөндеу және жөндеу технологиясын жақсартады.
Сондай-ақ елімізде жолдардың сапасын анықтау мақсатында Көше және жол желісін басқару жүйесі іске қосылған. Мамандардың айтуынша, ол жолдардың сапасын жылдам анықтауға көмектеседі.
Біз көше және жол желісін басқару жүйесін дайындадық. Жолға қатысты барлық ақпарат Деректер қорында сақталады. Жылжымалы жол зертханаларының көмегімен көшелер мен жолдарды төлқұжаттау және заманауи жылжымалы жол зертханалары жұмыс істейді. Анализ нәтижесі бойынша қандай жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек екенін анықтап, әкімдіктерге ақпарат береміз. Қазіргі таңда жобаны Нұр-Сұлтан, Ақтау қалаларында жүзеге асырдық. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық қалалары бойынша Деректер қорын жасаймыз, - деп атап өтті ҚазжолҒЗИ вице-президенті Азамат Жайсанбаев.