Қазақстандық фильм «Оскарға» ұсынылатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық «Ұлы дала зары» фильмі жылдың басты киножүлдесіне голливудтық «Оскарға» ұсынылды, деп хабарлайды Stan.kz.

Фильмді еліміздің Кинематографистер одағы жанындағы Қазақстанның Оскар комитеті таңдады. Қазылар алқасының құрамына кино өнерінің белгілі қайраткерлері кірді: Асанәлі Әшімов, Олег Борецкий, Фархат Әбдірайымов, Фархад Шәріпов, Арман Асенов, Сатыбалды Нарымбетов және Қанат Төребай. «Ұлы дала зары» фильмін жүлдеге ұсынуға қазылар алқасының жеті мүшесінің төртеуі дауыс берді, екеуі қарсы болды және біреуі қалыс қалды. 

Картина байқауда  «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша бақ сынайды. 

Фильмнің продюсері - Ернар Мәліков, режиссері және сценарисі - Марина Кунарова.  

 «Ұлы дала зары» көркем фильмі Қазақстанның байырғы тұрғындарының басына түскен нақты тарихи оқиғаларға негізделген. Фильмде 1920-30 жылдардағы аштық туралы, елдегі халықтың 70 пайызын құрайтын 8,5 миллионға жуық адам аштықтан қаза болған кез баяндалады. Сонымен қатар, 1,5 миллионнан астам адам өз Отанын тастап, басқа елдерге кетуге мәжбүр болды. 

Продюсер Ернар Мәліковтің айтуынша, фильмді жарыққа шығаруға 5 жыл уақыт кеткен. Оған қаржы мәселелері себеп болған. 

Айта кетейік,  «Ұлы дала зары» фильмінің премьерасы жақында Лос-Анджелесте болған халықаралық Азия кинофестивалінде өтті. 

Бұдан бұрын «Ұлы дала зары» фильмі «Алтын глобус» сыйлығының лонг-тізіміне енгені белгілі болды. Фильм  «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымындағы мүсінге таласады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы