Қазақстандық энергия өндірушілердің шекті тарифтері 15%-ға өседі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Генерация секторының ағымдағы жағдайы және электр энергиясын өндіру тарифінің өзгеру мәселелері» тақырыбындағы онлайн брифингте Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов айтты.
Оның айтуынша, бұйрық 2021 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілуі тиіс. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері орта есеппен 15% деңгейінде өседі деп болжануда.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қыркүйегінде 45 энергия өндіруші ұйымның 37-сі өздерінің заңды құқықтарын пайдаланып, Энергетика министрлігіне өтінімдер енгізді. Оған кәсіпорындар үшін белгіленген шекті тариф мөлшерінің шығындарды жаппауы себеп болған.
Берілген өтінімдер бойынша шекті тарифтердің өсуі 36% деңгейінде болжанды. Жарты жылдан астам уақыт ішінде берілген өтінімдердің негізділігіне талдау жүргізілді. Өтінімдерді қарау кезінде министрлік әрбір жағдай бойынша жеке тәсіл қолданды. Уақтылы шешімді талап ететін өтінімдер назарға алынды, - дейді ол.
Оның сөзінше, бұйрық жобасы 2021 жылғы 5 наурызда Ашық нормативтік құқықтық актілер туралы сайтында жарияланды. Бұйрық бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және Энергетика министрлігінде аккредиттелген сараптамалық ұйымдармен талқылау жүргізілді.
Жүргізілген жұмыстар мен талқылаулардың нәтижесінде шекті тарифтердің мәлімделген деңгейі екі еседен астам төмендетілді. Жұмыс қорытындысы бойынша ағымдағы жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің тиісті бұйрығымен тарифтер түзетілді. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілуі тиіс. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері орта есеппен 15% деңгейінде өседі деп болжануда, - деді ол.
Оның нәтіижесінде кәсіпорындардағы жаңғырту жөніндегі жұмысты сапалы жүзеге асыруға, алдағы 2021-2022 жылғы күзгі-қысқы кезеңінен сәтті өтуге және авариялық жағдайларды азайту үшін жөндеу жұмыстарын уақтылы және толық көлемде жүргізуге, 45 энергия өндіруші ұйымның 23 мыңға жуық өндірістік персоналдың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік беріледі.