Қазақстандық боксшы «Канеломен» жұдырықтасуы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (15-0, 10 КО) осы салмақта WBC, WBA Super және WBO белбеулерінің иегері мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (56-1-2, 38 КО) жекпе-жек өткізуге мүмкіндік алуы ықтимал.
Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
Мұндай мүмкіндікке отандасымыз WBA ұйымы мексикалыққа белбеуін міндетті түрде қорғауы керегі туралы талап қойса, ие болады. Бірақ оған дейін «Канело» қараша айында әлемнің абсолют чемпионы атану үшін IBF белбеуінің иегері Калеб Плантпен (21-0, 12 КО) кездесу өткізеді.
Ал Ербосынұлы Саульге қарсы кездесуге шығу үшін Аллен Ленноксты (22-1-1, 14 КО) жеңуі қажет. Бұл кездесу 12 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Бұл кездесуде WBA белбеуінің міндетті қарсыласы атағы сарапқа салынады.
Егер WBA ұйымы «Канело» мен Плант кездесуінің жеңімпазына белбеуді міндетті түрде қорғауы керек деген талап қойса, онда қарсыласы Давид Моррелл, Федор Чудинов немесе Айдос Ербосынұлының бірі болуы мүмкін. WBC белбеуінің міндетті қарсыласы - Давид Бенавидес. Ал IBF белбеуінің міндетті қарсыласы Евгений Шведенко, - деп жазады Boxing News.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы IBF белбеуінің чемпионына міндетті қарсылас атануға мүмкіндік беретін кездесуге шығуы керек еді. Оның қарсыласы Евгений Шведенко (15-0, 6 КО) болған. Ал жекпе-жек 17 сәуірде Карлсруэде (Германия) өтуі керек еді. Алайда кездесуге бір апта қалғанда қазақстандық боксшы Сovid-19 вирусын жұқтырып алды.
Ербосынұлы болса, соңғы кездесуін өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп, ганалық Исса Самирді (19-1, 16 КО) жеңді.
Бұл кездесуде ол BC Asia, WBA International және WBO Global белбеулерін қорғап қалды.