Қазақстандық балуандар әлемдік іріктеуде жолдамасыз қалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Болгарияда балуандар жолдама жолындағы жанталасты жалғастырып жатыр. Бүгін әйелдер арасында өтіп жатқан бәсекеде қос қазақстандық балуан жеңіліс тапты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Бұл күндері Болгарияның София қаласында күрес түрлерінен әлемдік іріктеу жарысы өтіп жатыр. Жарыстың екінші күнінде әйелдер күресінің шеберлері жолдаманы сарапқа салуда.
Қазақстан сапынан бозкілемге шыққан Алтынай Сатылған алғашқы айналымда қарсыласына есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. 57 келі салмақта сынға түскен ол швед қызы Сара Юханна Линдборгтен 4:2 есебімен ұтылды.
Сонымен қатар 62 келіде белдескен бұрымды балуан Айна Теміртасова да жолдама жолындағы күресін сәтсіз аяқтады. Ол іріктеу кезеңінде Польша спортшысы Александра Волчинскаядан 10:0 есебімен есе жіберді.
Осылайша, қос балуан да Олимпиада жолдамасынан тыс қалды. Қазақстан әйелдер құрамасынан 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жамиля Бақбергенова күреседі. Оның алғашқы қарсыласы Анастасия Зименкова болмақ.
Айта кетерлігі, әйелдер күресінен ел құрамасының қоржынында Олимпиаданың үш жолдамасы бар. Оны Валенитна Исламова (50 кг), Татьяна Ахметова (53 кг) және Эльмира Сыздықова (76 кг) жеңіп алған болатын, - делінген хабарламада.