Қазақстандық әскерилер бокстан әлем чемпионатында үш алтын еншіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшы-нұсқаушылары бокстан әскери қызметшілер арасында өткен 58-ші әлем чемпионатында үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Теміртас Жүсіпов 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, алтын жүлдені қанжығалады. Ақтық жекпе-жекте армия боксшысы бразилиялық Консейкао Леандерсты төрешілердің шешімімен бірауыздан жеңді.
Құрама қоржынына екінші алтын салған Тимур Нұрсейітов (75 келіге дейін) ресейлік боксшы Алексей Семыкинді ойсырата ұтты.
Абзал Құттыбеков 90 келіден астам салмақ дәрежесінде ресейлік Иван Сагайдакпен жекпе-жекте жеңіске жетіп, үшінші қазақстандық чемпион атанды.
Дәмир Әбдіқадыр (52 келіге дейін) ресейлік боксшы Дмитрий Двалиге есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.
Чемпионатта Жасмин Кизатоваға (69 келіге дейін), Рүстем Шәуменовке (56 келіге дейін) және Айтжан Әшірханға (64 келіге дейін) қола медаль бұйырды.
Жарыс Мәскеуде Әскери спорттың халықаралық кеңесінің (CISM) қолдауымен өтті. Чемпионатқа барлығы 36 елден келген 230-дан астам боксшы қатысып, ерлер арасында 10 салмақ дәрежесінде, ал әйелдер арасында 5 салмақ дәрежесінде жекпе-жектер өтті.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Ресей командасынан кейінгі екінші орынға тұрақтады.