Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова «Славян базары» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Витебскте өткен «Славян базары» байқауының гран-при жүлдесін қазақстандық әнші Рухия Байдүкен «Лира» алды, деп хабарлайды БЕЛТА агенттігі.

«Славян базары» байқауының бас жүлдесін қазақстандық әнші «Лира» Рухия Байдүкенге байқаудың қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыстады. Байқаудың жабылу салтанатында Димаш Құдайберген өнер көрсетті. 

Рухия Байдүкен 1998 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрада және вокал» мамандығында оқиды. Оның дауысы төрт жарым октаваға жетеді. 

Мен өнерге бала кезімнен құштармын, отбасымда Байдүкен атам өнерге жақын болды. 4 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал сыныбында білім алдым. Қазір вокалдан сабақ беремін және менің оқушыларым – бір-біріне ұқсамайтын жеке тұлғалар. Оның арасында 5 жасар бала да бар, 30-дан асқан ересектер де бар. 22 жасымда ұстаздықты бірге алып жүру – үлкен міндет деп ойлаймын. Оның барлығы адамның өсуіне көмектеседі, – дейді жас әнші Рухия Байдүкен. 

Айта кетейік, «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы Димаш Құдайберген, ал 2019 жылы – Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, бас жүлде иеленген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы