Қазақстанды жоғары деңгейде көрсетуге тырысамын - Қарақат Башанова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да Junior Eurovision 2020 байқауының финалы туралы өткен онлайн брифинг кезінде «Балалар Евровидениесі» байқауында Қазақстанды таныстыратын жас дарын Қарақат Башанова айтты.
29 қараша күні онлайн форматта Junior Eurovision танымал музыкалық байқауы өтеді. Байқауға Қазақстанның атынан Қарақат Башанова қатысады.
Еліміз үшін үлкен, маңызды оқиғаның үстінде тұрмыз. Себебі кез келген елді, ұлтты әлемге танытатын – ол дарынды азаматтары, талантты тұлғалары. Іріктеуден озып шыққан Қарақат қарындасымыз сондай азаматтың бірі. Барша қазақстандық дауыс беру арқылы, әділқазылар дауыс беру арқылы Қарақатты «Балалар Евровидениесінде» көргілері келетінін көрсеткен болатын. Осынау маңызды додада сіздердің әрқайсыларыңыздың дауыстарыңыз керек. Себебі біз үшін біреу дауыс береді деп немесе дауыс беру үшін 1-2 минут уақыт таппай жатамыз. Нәтижесінде сол дауыс шешуші рөл ойнауы мүмкін. Осыған дейін байқауға Данэлия Төлешова, Ержан Максим сияқты өрендерімізді апардық. Енді солардың жолын жалғастырайын деп отырған Қарақат қарындасымызды бәріміз қолдап, дауыс берсек дұрыс болар еді, - деді «Хабар» агенттігі АҚ-ның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев.
Дауыс беру бүгін түнгі сағат 01.00-де басталып, 29 қараша күні кешкі сағат 22.00-де «Хабар» арнасында көрсетілетін грант финалға дейін жүреді. Бұл дауыс берудің бірінші кезеңі, ал екінші кезеңі тікелей эфир аяқталғаннан кейін 15 минут ішінде дауыс беруге мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар Ринат Кертаев 7 жасында әкесінен айырылған Қарақаттың «Әке» туралы жүректі әнін қолдауға шақырды.
Байқау қатысушысы Қарақат Башанова өз сезімімен бөлісті.
Менде бәрі жақсы. Қобалжу бар. Ұлттық іріктеуде де қатты қобалжыған едім. Грант финал жақындаған сайын толқып жүрмін. Дегенмен Қазақстанды жоғары деңгейде көрсету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Байқауға қатысып жатқандардың бәрінің де әні де, вокалы да керемет. Оның ішінде Беларусиядан қатысып жатқан Арина Пехтерева мықты, - дейді ол.
Айта кетейік, биыл Қазақстан 11 елмен сайысқа түседі.
Әнімнің екінші рет байқауға қатысып жатқаны мен үшін үлкен мәртебе. Осы жылы жеңіске жететінімізден үміттіміз. Биыл өткен жылдың қатесін қайталамауға тырысамыз. Себебі халықтың дауысы жетпей қалғандықтан екінші орынға түстік. Сондай-ақ биыл әніміз өте эмоционалды шықты. Бұл ән көпшіліктің жүрегінен орын алары сөзсіз, - деп атап өтті Қарақаттың әнін жазған композитор Хамит Шанғалиев.
Қазақстаннан 3 ересек және 2 жас дарын қазылар арқасының құрамында болады. Жобаның ережесі бойынша байқау өткенге дейін олардың есімдері жарияланбайды.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар Қарақатқа ғана емес, сондай-ақ басқа елдердің қатысушыларына да дауыс берудің бірегей мүмкіндігіне ие. Көрермендердің дауыс беруі junioreurovision.tv сайтында өтеді. Дауыс беру 28 қарашадан 29 қараша аралығында конкурстың финалы басталғанға дейін жалғасады. Финал аяқталғаннан кейін, көрермендердің өздерінің сүйікті әншілері үшін дауыс беруі үшін тағы 15 минут уақыт беріледі.