Қазақстандағы инклюзия: Жүзудің ерекше балаларға пайдасы қандай?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Балалары үшін жүзу сабақтары – тек физикалық даму ғана емес, бұл қоғамға бейімделудің маңызды тәсілдерінің бірі. Қазақстанда да осы тәсіл арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды аяққа тік тұрғызып, қоғамға бейімдеу жұмыстары қолға алынған.
Тең мүмкіндіктер әлемі
«Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың бастамасымен ашылған.
Жобаның өзектілігі мүгедектігі бар адамдар санының ұдайы өсуіне және әлеуметтік пен физикалық оңалтудың заманауи, инновациялық және кешенді тәсілдерін енгізу қажеттілігіне байланысты.
Кейбір мәліметтер бойынша, Қазақстанда БЦП диагнозы бар 19 000-нан астам бала бар, ал мүгедектігі бар қазақстандықтардың жалпы саны 18 жасқа дейінгі балалар саны 87 000-ға жуық.
Оңалту және түзету педагогикасы саласындағы халықаралық сарапшылардың соңғы зерттеулері мүгедек адамдарды оңалту жөніндегі шаралар кешеніне Бейімдік дене шынықтыруды енгізудің тиімділігін көрсетеді.
Жобаның мақсаты - бейімдік дене шынықтыру және спорт бойынша әзірленген және апробацияланған оқу-әдістемелік сүйемелдеуді қолдана отырып, тегін бейімделген және инклюзивті спорт секцияларын ұйымдастыру арқылы ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту бойынша кешенді тәсілді дамыту.
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қорының директоры Нұргүл Ұлжекова жобаға балалар 5 жастан қатысып жатқанын айтты.
Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар қатысады: нормотиптік балалар және церебральды сал ауруы, аутизм, көру қабілетінің бұзылуы, есту қабілетінің бұзылуы, Даун синдромы, туа біткен ақаулар және басқа да даму бұзылыстары сияқты әртүрлі топтағы балалар, - дейді ол.
2018 жылдан бастап жобаның бас серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.
Бүгінгі таңда жобамен Қазақстанның 12 қаласынан 600-ден астам бала спорттың 10 түрі бойынша қамтылған: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Жаңаарқа ауданы, Павлодар, Ақсу, Арал, Ақтөбе, Ақтау, Көкшетау, Степногорск.
Балалар голбол, бочча, бейімделген жүзу, инклюзивті хореография, паракаратэ, паратаэквондо және басқа да спорт түрлерімен айналысады. Жоба аясында еліміздегі жоғары оқу орындары үшін бейімдік дене шынықтыру бойынша алғашқы қазақстандық оқу-әдістемелік материалдар әзірленді. Жоба, сондай-ақ кадрлармен, жас мамандармен және мүгедек балалардың ата-аналарымен жұмыс істеу мәселесін шешуге көмектеседі. Бүгінгі таңда 10 ата-ана, 2 мүгедек жаттықтырушы жұмысқа орналастырылды және жобаның спорттық-бұқаралық іс-шараларына 50-ге жуық ерікті студент қатысты, - деп айтты қор директоры.
Жобаға барлығы 60 маман тартылған: бейімделген дене шынықтыру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен жаттықтырушылар, спорт дәрігерлері, оңалту дәрігерлері және өңірлер бойынша үйлестірушілер.
Жобаның жоғары әлеуметтік маңыздылығы мен қажеттілігін ата-аналар тарапынан үлкен сұраныс және жобаға қатысушылардың даму серпіні растайды. Инклюзивті тәсілмен топтық жаттығулар, ең алдымен, балалардың қарым-қатынас және сөйлеу дағдыларын, физикалық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді, балалар жақсарып, жаңа моториканы дамытады.
Қазақстанның тағы 4 қаласында секциялар ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жоба жетекшісі жобаны әрі қарай дамыту үшін барлық қажетті ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ерекше балаларды жүзуге қалай үйретеміз?
Жүзуден жаттықтырушы Арман Есқақов ерекше балалармен өткізетін дәрісімен, тәжірибесімен бөлісті. Оның осы салада алты жылдық тәжірибесі бар.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен де, дені сау балалармен де жұмыс істеймін. Сабақтар жеке және топпен өткізіледі. Топтық жаттығуларға жүзуге дайындығы бар балаларды аламыз. Жаттықтырушылар алдымен әр баланың ерекшелігіне мән береді. Себебі түрлі диагнозбен, мысалы, аутизм, даун, ДЦП және басқа да мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Әрқайсысына жеке әдіс, бағдарлама қолданылады, - дейді ол.
Жаттықтырушылар баланың қимыл-қозғалыс жасауы үшін зақымдалған буындармен жұмыс істейді. Айтуынша, балалар суда өздерін өте жақсы сезінеді. Себебі зақымдалған мүшелердің жүктемелері төмендейді.
Аутизмі бар балаларға су жылдам ойлауға, тез бейімделуге, түсінуге мүмкіндік береді. Тіпті кейбірінің сөйлеу қабілеті де жақсара түседі. Сонымен қатар ДЦП диагнозы бар балалардың кейбірі жүре бастайды. Мысалы, менде судың арқасында жүре бастаған бала бар. Ол осымен шамамен 3 жылдай жүзуге келіп жүр. Алғашқы жарты жылда алдымен тек аяқпен жұмыс істедік, кейін ол аяққа тік тұра бастады. Қолынан ұстасаңыз, бала өзі жүре алады, - деп түсіндірді маман.
Ол өз тәжірибесінде ерекше балалармен жұмысының нәтижесі туралы айтып берді.
Тобымда аутист бала көп болды. Бастапқыда келгенде олардың бірі ашуланшақ болса, бірімен байланыс болмады. Бір-екі жыл өткен соң мұндай балалар тапсырманы түсіне бастайды, жаттығуларды орындай бастайды. Тіпті толық сөйлеп кетпесе де, нақты бір сөздерді айта бастағандары да болды. Яғни өзіне қажеттіні сұрай бастайды, - деп атап өтті Арман мырза.
Жүзу сабағы 40-45 минут бойы жалғасады. Адамның көптігіне байланысты уақыт та соған сәйкес болады.
Жүзуге келетін балалардың ең кішкентайы шамамен 1 жаста болса, үлкені 18 жаста.
Ол ерекше балалармен жұмыстың қиындығына тоқталды.
Әрине бастапқы кезде қиын болды. Үйрендік. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда бұл бағыт айтарлықтай дамымаған. Ерекше балалармен жұмыс істемейінше, олардың көптігіне аса мән бермеген екенмін, - деп бөлісті ол.
Арман Есқалиев еңбек жолын мектепте дене шынықтыру мұғалімі ретінде бастаған. Ол кезде де сыныбында ерекше баламен жұмыс істеген.
Жүзу баланың бұлшықеттерін қатайтуға көмектеседі
6 жастағы Халед Рустамов қор арқылы жүзу үйірмесіне тегін қатысып жүр. Анасы Севара Жанашеваның айтуынша, Халедтің жүзуге қатысып жүргеніне 6 айдай болған.
Олар 2020 жылы Түркістан қаласынан елордаға қоныс аударған.
Ұлым жүзу үйірмесіне қатысып жүр. Баламның бел омыртқасында ақауы бар. Жүре алмайды. Жүзу біз үшін ең қажетті. Сол себепті қалмай келіп жүрміз. «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоры туралы осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік желіден байқадым. Енді осы қор арқылы жүзу үйірмесіне келіп жүргенімізге 6 айдай болып қалды. Жүзу баланың бұлшықеттерін қатайтуға көмектеседі. Себебі бұлшықеттер бос болғандықтан балам жүре алмайды, - деді анасы.
Ол жүзуге келгелі нәтиже байқап отырғанын айтты.
Алғашқы кезбен салыстырғанда нәтиже бар. Қазір аяққа тұрып, өздігінен қабырғаның жағасымен жүруге мүмкіндігі бар. Балам тумасынан осы диагнозбен туылды. Кіші дәреті нашар, аяғында ұршық шыққан, аяқ бұлшықеттері бос, одан бөлек, сезім мүшелері дұрыс дамымаған, - деді Севара Жанашева.
Тегін үйірмеге жазылу үшін қажетті құжаттарды тапсырған. Атап айтқанда, келісімшарт, медициналық тексерістің анықтамалары, табыс туралы анықтама.
Анасының айтуынша, Халед өте ақылды, орталықта досы көп, алдағы уақытта басқа да үйірмелерге белсене қатысуды жоспарлап отыр.