Қазақстандағы БҰҰ журналистерге арналған байқау жариялады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық қоршаған ортаны қорғау күніне орай, Қазақстандағы БҰҰ қазақстандық журналистерге арналған «Қазақстандағы климаттың өзгеруі» байқауын жариялады.
Байқаудың мақсаты - климаттың өзгеруі мәселесі туралы ақпараттарды көбейту, сондай-ақ қоғамдық күн тәртібінің тақырыбына айналдыру, адамдарды шешімдер табуға шабыттандыру.
Ғылым бізге келесі 10 жыл - бұл климаттық апаттың алдын-алу, ластану ағынын қайтару және түрлердің жойылуын тоқтату үшін соңғы мүмкіндігіміз деп айтады. Осы байқау арқылы біз адамдарды экожүйелерді қалпына келтіру және экологиялық хабардарлықты арттыру бойынша жаңа, стандарттан тыс шешімдер іздеуге ынталандырғымыз келеді, - деп айтты Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.
Байқауға қатысу үшін журналистер мен блогерлер Қазақстандағы баспа және электронды БАҚ көздерінде жарияланған Қазақстандағы климаттың өзгеруінен туындайтын қауіп туралы материалдар қабылданады. Жарияланған ақпараттың көлемі 800 сөзден аспауы тиіс. Мақалалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.
Бірінші, екінші және үшінші орын иегерлеріне сәйкесінше бағасы 2500, 1300 және 800 АҚШ доллар көлеміндегі құнды сыйлықтар беріледі. Бірінші орын иегері, егер COVID-19 пандемиясы тұрақталып, іс-шара өткізуге мүмкіндік берсе, 2021 жылдың қарашасында Глазгода өтетін COP 26 Тараптар конференциясына қатысуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ байқаудың қорытындысы бойынша ең үздік 10 мақала авторлары Қазақстандағы БҰҰ атынан сертификаттарға ие болады.
Байқау 7 маусымда басталады, ал жеңімпаздар 7 қыркүйекте Халықаралық ашық аспан күнінде жарияланады.
Қосымша мәліметтер Қазақстандағы БҰҰ сайтында (uninkazakhstan.org) және әлеуметтік желілер беттерінде қолжетімді.