Қазақстанда зиратқа қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар әзірленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалар  бекіту туралы бұйрық дайындады.

Зираттарды, жерлеу мақсатындағы объектілерді жобалауға және пайдалануға беруге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

  • сумен жабдықтау көздері мен минералды бұлақтарды санитариялық қорғану аймақтарының бірінші және екінші белдеулерінің;

  • курортттарды санитариялық қорғанудың бірінші аймағының;

  • су басатын, сырғымаларға және құламаларға бейім, батпақты учаскелерге;

  • шаруашылық-тұрмыстық қажеттілік, шомылу және басқа да мәдени-сауықтыру іс-шаралары үшін халық пайдаланатын І және ІІ санаттағы су қоймаларының жағалауларында;

  • күйдіргі бойынша стационарлық қолайсыз пункттерін;

  • гамма-сәуленің тиімді дозасының қуаты ашық жерлерде доза қуатынан сағатына 0,2 микроЗиверттен асатын аумақтарда орналастыруға жол берілмейді.

Зираттар зираттың қоршауынан есептегенде:

 бірінші тұрғын және қоғамдық ғимараттарға, спорттық-сауықтыру және санаторлық-курорттық аймақтарға дейін – кемінде 300 метр;

су көзін санитариялық қорғау аймақтарының белдеулері мен сүзу уақытын есептеулерімен арақашықтықтың жеткіліктілігін растай отырып, халықты ауызсумен жабдықтау көзіне дейін – кемінде 1000 метр қашықтықта орналастырылады. Жабық зираттар үшін бірінші тұрғын және қоғамдық ғимараттарға, спорттық-сауықтыру және санаторлық-курорттық аймақтарға дейінгі қашықтық кемінде 100 метр болады.

Жабық зираттарға арналған санитариялық қорғау аймағының көлемі зираттық кезең аяқталғаннан кейін де қысқартылмайды.

Жерлеудің жалпы алаңы зираттың жалпы алаңының 65-70 пайызы қабылданады.

Зиратқа арналған учаскенің тұрған орны және оның көлемі елді мекенді жоспарлау және салу жобасында зират аумағын тікелей ол жабылғаннан кейін саябақ немесе бақ салуға пайдалану мүмкіндігін ескере отырып көзделеді.

Жерлеу бюролары, жерлеу қызметін көрсететін бюро-дүкендер (құрамында қайтыс болғандардың денелерін сақтауға, оларды жерлеуге дайындауға, қоштасу рәсімін өткізуге арналған үй-жайлары бар) тұрғын және қоғамдық ғимараттардан кемінде 50 метр қашықтықта бөлек тұрған ғимараттарға орналастырылады.

Зират аумағы және жерлеу қызметін көрсететін ғимараттарға кіреберістер қоқыс жинауға арналған урналармен, қоқыс жинағыштарға өту жолы бар алаңдармен қамтамасыз етіледі.

Қоқыс жинағыштарға арналған алаңдар қоршалады және қатты жабыны болады.

Қабір түбінен жер асты сулары тұратын деңгейге дейін кемінде 0,5 метр есебінен қабылданады.

Қайтыс болған адамдарда аса қауіпті инфекциялық ауру (күйдіргі, конго-қырым геморрагиялық қызбасы) болмаған жағдайда, жерленген сәтінен бастап алғашқы екі апта ішінде кейіннен үш жылдан ерте емес, құмдауыт жерлерде бір жылдан ерте емес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның келісімі бойынша қайта жерлеуге жол беріледі. Сүйек алынған жағдайда қабір дезинфекцияланады және топырақ себіледі, ал қабірден алынған сүйек қақпақты жәшіктерде тасымалданады, табыт жәшікке салынады және жаңа орынға тасымалданады. Жерлеу жүргізілген табыт зақымданған (сақталмаған) жағдайда, табыттың қалдықтары арнайы бөлінген орындарда өртеледі, - делінген хабарламада.

Қайта жерлеумен айналысатын адамдар:

1)                сіреспеге және күйдіргіге қарсы егіледі;

2)                арнайы киіммен және аяқ киіммен, жеке қорғаныш құралдарымен (резеңке етік, резеңке қолғап, респиратор немесе ауыз бен мұрынды жабатын дәке таңғыш, комбинезон) қамтамасыз етіледі.

Арнайы киімді үй жағдайларында жууға және залалсыздандыруға жол берілмейді, ал жұмыс жүргізу кезінде қолданылатын құрал зираттан тыс шығарылмайды.

Арнайы киім және арнайы аяқ киім эксгумация бойынша жұмыс аяқталғаннан кейін арнайы бөлінген орындарда тазартылуға және дезинфекциялануға жатады немесе өртеледі. Дәке таңғыштар эксгумация бойынша жұмыс аяқталғаннан кейін өртеледі.

Эксгумацияланған қалдықтарды тасымалдағаннан кейін көлік дезинфекциялануға жатады.

Этиологиясы белгісіз инфекциялардан және аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болған адамдарды жерлеу мырышталған, тұмшаланып дәнекерленген табыттарда жүргізіледі.

Зиратты және қабірлерді көшіру кезінде аумақтарды (учаскелерді) рекультивациялау жүргізіледі. Тұрғын үй аумағын жоспарлау үшін қабірлердің жойылатын орындарының топырақтары пайдаланылмайды.

Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде бұрын белгісіз болған қабірлер анықталған жағдайларда мәйіттің сүйектерін қайта көму және аумақты рекультивациялау қажет.

Зираттардың аумағы оны көшірген сәттен бастап жиырма жыл өткен соң пайдаланылады. Аумақ бұл жағдайларда тек жасыл көшеттер үшін ғана пайдаланылады.

Инфекциялық аурулардың әкеліну және таралу қаупі төнген жағдайда діни объектілерде шектеу іс-шаралары енгізіледі және осы Санитариялық қағидаларға қосымшаға сәйкес талаптарды сақтау қамтамасыз етіледі.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы