Қазақстанда жыныстық бопсалауға қарсы петиция жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматтық белсенділер мен бірқатар заңгер Қазақстанда жыныстық бопсалауға заң жүзінде тыйым салуды талап етуде, деп хабарлады Құқықтық саясатты зерттеу орталығының баспасөз қызметі.

Олар елдегі мәселеге назар аударуға шақырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына «Қазақстанда жыныстық бопсалауға заң жүзінде тыйым салу туралы» петиция жолдады. 

Белсенділердің пікірінше, жыныстық бопсалауға қатаң да нақты жаза бекітпесе, құрбандары көбейеді. Бопсалау салдары зорлыққа, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. 

Мамандардың есебінше, тиісті заңның жоқтығынан жұмыста, қоғамдық орындарда зәбір көріп, зорлыққа тап болғандар қатары соңғы жылдары арта түскен. Бірақ ол туралы көбісі тіс жармайды. Жыныстық бопсалау бойынша елімізде 20 жылда 87 іс тіркелген. Бірақ бірде-бір айыпталушы бас бостандығынан айырылмаған. Өйткені зәбір көрушінің құқығын қорғайтын арнайы заң жоқ. 

Біз, Қазақстан азаматтары, Сізді елдегі жыныстық бопсалау мәселесіне назар аударуға шақырамыз! Біз қоғам ретінде бұдан былай азаматтарымыздың өз қауіпсіздігіне қол сұғушылықтан зардап шегетініне, балалар мен ересектер бопсалаудың құрбанына айналатынына және агрессорлар заңмен қатаң жазаланбайтынына бей-жай қарай алмаймыз. Жыныстық бопсалау себебінен адам психикалық денсаулығы нашарлап, ұйқысы бұзылып басынан депрессия мен стресс кешеді. Жыныстық бопсалау соңы өз-өзіне қол жұмсауға себеп болуы мүмкін. Біз әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайтын, зорлық-зомбылық жасалмайтын елде өмір сүргіміз келеді!, - делінген петиция мәтінінде. 
«Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» ҚҚ бағдарламаларының үйлестірушісі Аяжан Ойратованың айтуынша, Қазақстанда жыныстық бопсалау ұғымы бұрмаланған.
Жаңа заң жобасында, ең алдымен, біз дұрыс терминологияны, харассменттің дұрыс және салмақты түсінігін көреміз. Бұл реформа жасы, жынысы мен ұлты, әлеуметтік жағдайына қарамастан кез-келген адамның жеке өміріне қол сұғушылықтың алдын алады. Кей жағдайда зорлау немесе кісі өлтірудің алдын алуы мүмкін, - дейді ол.

Еске сала кетейік, қазір Қазақстанда жыныстық бопсалау үшін қылмыстық жаза енгізу туралы заң жобасы қарастырылуда.         

Петиция авторлары білім беру және медициналық мекемелерде жыныстық бопсалағаны үшін сотталған адамдардың тізімін құруды ұсынып отыр. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды жыныстық бопсалағандарды, ата-аналары мен заңды өкілдерін болсын қатаң жазалауды талап етуде. Жұмыс орнындағы жыныстық бопсалауға қатысты жұмыс берушілерге ішкі саясатын әзірлеп, Еңбек кодексіне сәйкес ережелер енгізуді ұсынды. 

Петицияға қол қою үшін https://otinish.kz/ru/petition/40 сайтына өту қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы