Қазақстанда Жамбылдың 175 жылдығын ресми түрде мерекелеу басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай салтанатты шара өтті.

Қазақстанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ресми түрде мерекелеу басталды.



Сонымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында атап өтіліп жатыр. 



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып,  мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылды.



Салтанатты іс-шара Жамбылдың 175 жылдығына арналған мерекелік концертпен жалғасты. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера артистері көрермендерге «Жыр алыбы-Жамбыл» атты театрландырылған қойылымын ұсынды. 



Ұлы ақынның баға жетпес мұрасын, өзіндік ерекшелігі мен дарынын ашып көрсететін әдеби-музыкалық композицияда оның атақты айтыстары мен әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және т.б. шығармалары.



Мерекелік бағдарламада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің, «Жастар» театрының, «Астана Балет» театрының артистері, «Қорқыт» этно-ансамблінің, «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының, «Акак» комузшылар ансамблінің (Қырғызстан) жеке орындаушылары өнер көрсетті. 



Атақты ақынның мерейтойына Қазақстан халықтары Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің артистері, «Nomad» балалар хореографиялық ансамблі, «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблі өз шығармаларын арнады.



Еске сала кетейік, кеше Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында мерейтойлық іс-шаралардың жалпы республикалық жоспары бекітілді. 




Оның аясында бүкіл ел бойынша 500-ден астам әлеуметтік-мәдени, ағартушылық, ғылыми және білім беру жобалары іске асырылады. 



Жамбыл мерейтойына арналған іс-шаралар республикамыздың барлық өңірінде және шетелде жыл бойы өткізіледі.



Сонымен қатар бүгін еліміздегі және шет елдердегі қалалар мен елді мекендерде Жамбыл Жабаевтың ескерткіштері мен бюсттеріне гүл шоқтары қойылды.



Одан бөлек түрлі мәдени іс-шаралар өткізілді.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы