Қазақстанда ғылым саласын қаржыландыру артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы уақытта бұл қаржыға 15 ғылыми зертхана мен 10 ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарлануда. Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар есебінен ғылымды қаржыландыру артады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) міндетті шығындарын толығымен орталықтандыру жоспарланып отыр.

Енді бұл қаржы республикалық бюджетке тікелей түседі. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл отандық ғылымды қаржыландыруды жыл сайын 25%-ға арттыруға мүмкіндік береді, – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Үкімет өндіруші компаниялардың ғылыми-инновациялық қызметті дамытуға арналған міндетті шығыстары орталықтандырылады.

«Ғылым туралы» заңға, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске және тағы басқа заңдарға түзету енгізіледі. Бүгінде Үкіметте «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен тиісті ведомствоаралық комиссия құрылды. Жол картасына сәйкес республикалық бюджет арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға аударымдарын орталықтандыруға кезең-кезеңмен көшу көзделеді: 2022 жылы – 50%, 2023 жылы – 75%, 2024 жылы – 100%, – деп жазылды хабарламада.

Осылайша, бұл қаражат Қазақстандағы ғылымды қаржыландыруға жұмсалады, ал үміткер жобалар мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтеді.

Нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатына 15 ғылыми зертхана және отандық унивеситеттердің базында 10 ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарланып отыр, – деп жазылды.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы