Қазақстанда екінші Томотерапия орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде екінші Томотерапия орталығы ашылды. Бұл туралы Қазақстанның Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы өзінің әлеуметтік желісінде хабарлады.

Елімізде екінші Томотерапия орталығы ашылды. Қазіргі таңда ең соңғы технология ретінде шыққан әлемде қолданыста бар сегіз Radixact X9 жүйесінің бірі Қазақстанда. Осы ретте шетелге шығып жүрген әр науқас осы жүйеде толық ем алу үшін жол шығынын қоспағанда кем дегенде 50 мың долларын жұмсауға мәжбүр. Бүгін Orhun Medical компаниясының Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ жанынан томотерапия орталығының салтанатты ашылуы өтті, - деді ол.


Ашылу салтанатына Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин, «ҚазНИИ онкология және радиология» АҚ басқарма төрағасы Диляра Қайдарова, Педиатрия және балалар онкологиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы Риза Боранбаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев және «Orkhun Medical» ЖШС-нің құрылтайшысы Дирик Гоненч Нихат қатысты.


Айтуынша, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты базасындағы жаңа Томотерапия орталығында ересектер мен балаларға медициналық көмек көрсетіледі. Жоғары технологиялық медициналық қызмет «Желілік үдеткіште фотондарды қолдана отырып, қашықтықтан сәулелік терапия» ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ақысыз ұсынылады.

Томотерапия орталығының жобалық қуаты Accuray (АҚШ) өндіретін заманауи, дәлдігі жоғары Radixact X9 сызықтық үдеткішінде жылына шамамен 12 000 сеансты құрайды.

Томотерапия орталығы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен осы жобаның негізгі инвесторы түріктің «Orhun Medical» компаниясы арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылды. Тікелей инвестиция көлемі 6,5 миллион долларды құрайды және 70 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Оның кемінде 65%-і медициналық және мейірбикелік қызметкер болады деп жоспарланып отыр, - деп жазды Абзал Сапарбекұлы өзінің Facebook парақшасында.


Айта кетейік, Radixact X9 жүйесі томотерапияның заманауи әдісін жасауға арналған. Ол әлемдегі жекелендірілген емдеуді қол жетімді етеді. IG-IMRT таргетті сыртқы сәулелік терапия бірегей ультра жылдам көпжапырақты коллиматордың (MLC) көмегімен өз санатында жоғары клиникалық нәтижелерді, конформды және гомеогенді сәулеленуді көрсетеді. Radixact X9 жүйесінің ерекшелігі, ісікті сәулелендіргенімен сау жасушаларға зақым бермейді.

Онкологиялық науқастарға өмір сүру сапасын қалпына келтіре алатын нақты және тиімді ем қажет.

Қазіргі таңға дейін Қазақстанда тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана бір Томотерапия орталығы жұмыс атқаратын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы