Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертең, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мерекеге орай, еліміздегі балалардың өмірі мен құқықтары қалай қорғалып жүргенін ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Алексей Милюктен сұрап білдік.
- Алексей мырза, ІІМ тарапынан бала құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыс барысы қалай?
- Балалардың құқықтарын қорғау - қазіргі қоғам дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі.
ІІМ осы бағытты жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «медициналық-әлеуметтік есеп» енгізілді.
Оның мақсаты - кәмелетке толмағандар мен тұрмысы төмен отбасыларға өмірлік қиын жағдайдан шыққанға дейін медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету.
Тағы атап өтетін жайт, 2019 жылдан бері білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін жауапкершілік енгізілді.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты жасалған қылмыстарға заң қатаңдатылды.
Өткен жылдан бастап осы санаттағы қылмыстарға жататын қылмыстар шеңбері кеңейтіліп, педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Сондай-ақ осы санаттағы қылмыстардың түрлері ауыр қылмыстар санатына ауыстырылып, бұл тараптардың татуласуына тоқауыл қойды.
- Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары балалармен қандай жұмыс жүргізеді?
- Ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу.
Бұл бағытта кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор үлкен рөлге ие екенін атап өткен жөн.
Кәмелетке толмағандардың заңға бағынуын қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру үшін тұрақты негізде жедел-профилактикалық іс-шаралар және құқық қорғау бағытындағы акциялар жүргізіледі. Мысалы, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Жұмыспен қамту» және «Мен және менің полицейім» және т.б.
Өткен жылды қорытындылай кетер болсам, ювеналды полицияның аумақтық бөлімшелері педагогикалық ұжымдармен және ата-аналар комитеттерімен бірлесіп 8 мыңнан астам жедел-профилактикалық және жергілікті іс-шаралар өткізді. Ал осы жылдың басынан бері 3 мыңнан астамға жуықтады.
Биыл наурыз айынан бастап ІІМ «Еуразия» бірінші арнасымен бірлесіп мектеп оқушылары үшін қауіпсіздік пен өзін-өзі қорғау сабақтарының циклін өткізңп жатыр. Жыл басынан бері осындай 10 сабақ өткізілді.
Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ІІМ Білім және ғылым министрлігіне еліміздің барлық мектептерінде көрсетілген бейнероликтерді көрсете отырып, апта сайын «бес минуттық» қауіпсіздік сабағын өткізу туралы ұсыныс енгізілді.
Қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар соңғы
5 жылда 44%-ға жасөспірімдер арасындағы қылмыстың тұрақты төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Оң динамика осы жылы да сақталып отырғанын ескере кету керек.
Биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылықтардың төмендеуі 35% құрады, оның ішінде оқушылар - 47%.
Бүгінгі таңда алдын алу шараларымен полиция органдарының есебінде тұрған 5 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала қамтылды.
- Алексей Казимирович, кәмелетке толмағандарға тәртіп бұзғаны үшін қандай шаралар қолданылады? Олармен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Қылмыстық жауапкершілік қай жастан басталады?
- Мектептердегі тәртіпті бұзғаны үшін кәмелетке толмағандарға бақылау және шаралар қабылдау мәселелері білім беру органдарының құзыретіне кіреді.Әрбір мектепте басшы мектептің ішкі жарғысын бекітеді, онда білім беру ұйымдарында оқушылардың мінез-құлық ережелері регламенттеледі.
Мектептерде тәртіпті бұзатын оқушылармен білім беру органдарының қызметкерлері (психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар және т.б.) профилактикалық әңгімелер жүргізеді, оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу кеңестерінде, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда қарайды. Зиянды тәртіп бұзушыларды мектепішілік есепке қояды, сондай-ақ полиция органдарына есепке қою туралы өтініш жасайды.
Кәмелетке толмағандардың іс-әрекеттерінде әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық құрамы байқалған жағдайларда полиция қызметкерлері елдің заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 15-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақытта он алты жасқа толған есі дұрыс жеке адам, ал қылмыстың аса ауыр түрлері үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауаптылыққа жатады.
- Ел мектептеріндегі қауіпсіздік деңгейі қандай? Қазан оқиғасынан қандай ойлар пайда болды?- Қазан қаласында орын алған қайғылы оқиғадан кейін білім беру мекемелерінің қабырғаларында балалардың қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып отыр.
Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдары үшін
2019 жылы бейнебақылау жүйелеріне қойылатын талаптар бекітілді.
Оларды орнату орындары, бейне деректерді сақтау мерзімдері белгіленді, аумақтық ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарының бейнебақылау жүйелерімен интеграциялау көзделген.
Бүгінде елімізде 7 мыңнан астам мектеп бар. Білім министрлігінің деректері бойынша барлық мектептер бейнебақылаумен жабдықталған.
Еліміздің 798 мектебінде бейнекамералар аумақтық полиция департаменттерінің жедел басқару орталықтарына қосылған.
Жеке күзет ұйымдарының қорғауында 408 мектеп бар. Дабыл түймелеріне қосылған орталықтандырылған бақылау пульттерімен мыңнан астам мектеп, турникеттермен 333 мектеп жабдықталған.
ІІО тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру объектілері орналасқан жерлерге патрульдеу бағыттары барынша жақындатылған. Олар мектептердің айналасындағы жағдайды бақылайды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері мектептердің терроризмге қарсы қорғалуына үнемі тексеру жүргізіп отырады.
- Алексей Казимирович, 1 маусым - балаларды қорғау күніне орай балаларға айтар тілегіңіз...
- Біздің әрқайсымыздың ең жарқын, таза және мейірімді естеліктеріміз балалық шақпен байланысты. Балалық шақ айналамыздағы әлем үлкен болып көрінетін уақыт, аспан бұлтсыз, сіз ғажайыпқа шын жүректен сеніп, әр жаңа күнге қуанасыз. Жылдар өте келе бұл сезімдер әлсірейді, бірақ біз балалық шақтың әсерін өмір бойы алып жүреміз. Сондықтан бұл мереке өскелең ұрпақтың толыққанды және үйлесімді дамуына жауапты ересектер үшін өте маңызды.
Бұл мейірімді балалар мерекесі ересектерге жас ұрпақ үшін үлкен жауапкершілікті еске салады.
Балаларды бақытты етудің ең жақсы тәсілі - оларды махаббатпен қоршап, жүректеріміздің жылуымен жылытып, ізгілік және сұлулық беруге үйрету, өмірде қолдау көрсету.
Балалар - біздің мақтанышымыз, болашаққа деген үмітіміз. Біз олардың өздерін қорғалғанын сезінуі, өмірде жақсы бастама алуы үшін бәрін жасауымыз керек.
Біздің балаларымыздың тағдырына қамқорлық жасау - олардың өз елінің дені сау, бақытты, толыққанды азаматтары болып өсуінің сенімді кепілі.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында барлық балаларға жарқын балалық шақ және барлық арманның орындалуын тілеймін. Ал ата-аналарға өзара түсіністік, келісім, жылулық пен амандық тілеймін!
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге алғыс білдіремін.