Қазақстанда алғаш құрылған әскери-медициналық мекемеге – 80 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігі Әскери клиникалық госпиталінің құрылғанына 80 жыл толды. Бұл Қазақстанда алғаш құрылған әскери-медициналық мекемелердің бірі болып саналады. 

Алматы қаласында орналасқан Әскери клиникалық госпиталь 2907-эвакуациялау госпиталінің мұрагері десек те болады. Ол 1941 жылғы тамызда Мәскеу облысының Коломна қаласында құрылған болатын. Медициналық мекеме құрылған сәттен бастап жаралылар мен науқастарды қабылдай бастады. Одан кейін мекеме бірнеше рет орын ауыстырды. 1944 жылғы наурызда ол Алматы қаласына қоныс аударды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталі болып қайта құрылды.

Әр жылдары госпитальды медицина қызметінің тәжірибелі ұйымдастырушылары басқарды. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін госпитальді запастағы полковник Самат Сәрсенбаев басқарып келеді.

80 жыл ішінде госпиталь өз қызметінде кең ауқымдағы емдеу және диагностикалау іс-шараларын жүзеге асыратын ірі көпсалалы медициналық мекемеге айналды. Ол Алматы қаласындағы Әскери медицина орталығының және медициналық жоғары оқу орындарының тыңдаушылары үшін оқу базасы болып табылады. Госпитальдың әскери дәрігерлері медицина ғылымындағы жаңа жетістіктерді іс жүзінде пайдалана отырып, ғылыми-тәжірибелік қызметті жүзеге асырады, медициналық қызмет әскери буынына әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді.


Госпитальдың құрамында 17 емдеу бөлімшесі жұмыс істейді. Жыл сайын 5 000-ға жуық науқас емдеуден және тексеруден өтсе, хирургтар 1 000-нан астам операция жасап, әскери-дәрігерлік комиссиялар 2000-нан астам әскери қызметшіні медициналық куәландырудан өткізеді.

Госпитальда шұғыл көмек көрсетуге және еліміздің барлық өңіріне баруға әзір арнайы дәрігер-мейіргерлер бригадалары құрылған. Өткен жылғы тамызда арнайы мақсаттағы құрама медициналық жасақ Бейрут қаласының (Ливан) портындағы жарылыстан зардап шеккен жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетті. Әскери клиникалық госпиталь COVID-19-ға қарсы әрекет етуде азаматтық денсаулық сақтау мекемелеріне көмек көрсетуді жалғастыруда.

Медициналық мекеменің дәрігерлер құрамы диагностикалаудың және емдеудің озық әдістерін үйренуде. Мамандар Қазақстанның, Германияның, Ресейдің, АҚШ-тың және Түркияның жетекші емдеу-диагностикалық және оқу орталықтарында даярлықтан өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы