Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі көтеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлерінің III халықаралық онлайн форумы өтті.

Форумға қатысушылар Қазақстандағы әлеуметтік қызметтің дамуы, соның ішінде балалардың құқықтарын қорғау басымдықтарын талқылады. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін академиялық пән, кәсіп және практика ретінде әлеуметтік жұмысты ілгерілету бойынша ұсыныстар айтылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов әлеуметтік қызметкердің мәртебесін арттыруға және олардың қызметін регламенттеуге бағытталған заң жобаларын әзірлеу туралы айтып берді.

Вице-министр елдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру аясында 2025 жылға дейін әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі мен әлеуетін арттыру көзделіп отырғанын атап өтті.

Биылғы жылда әлеуметтік сала қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары 50%-ға артты, осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен алдағы үш жылға 95 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта Қазақстанда «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы» ҚР Заңы жобасының тұжырымдамасы әзірленуде, оған сәйкес біліктілік санаттарын беруге қойылатын талаптардың артуын ескере отырып, еңбекақы төлеуді арттыру, аттестаттау және тіркеу арқылы әлеуметтік қызметкерлердің есебін құру және кадрларды даярлау және олардың үздіксіз кәсіби даму жүйесін жетілдіру ұсынылады, - деп атап өтті Еңбекмин өкілі.

Ерлан Әукенов баяндағандай, үздіксіз білім беру және сертификаттау жүйесі арқылы әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби дағдыларын арттыру қажет. Министрліктің деректеріне сәйкес, әлеуметтік қызметкерлердің 27% арнаулы орта, 22% арнаулы білімі жоқ. Осыған байланысты әлеуметтік қызметкерлердің қызмет аясын кеңейтіп, кәсіби стандарттарды арттыру қажет.

«Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы» заң жобасына сәйкес еңбекақы психоэмоционалдық жүктеме үшін төлемдерді қоса алғанда, біліктілік деңгейіне және нормативтік жүктемеге сәйкес төлеу жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы