Қазақстанда 10 миллион адамды коронавирусқа қарсы егу жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

Министр ресейлік «Спутник V» вакциналарының екі миллион дозасына келісім бар екенін атап өтті. Ол Қазақстанға субстанция түрінде жеткізіледі, содан кейін Қарағанды фармацевтикалық зауыты базасында өндіріледі.

Екі миллион дозаға кепілдік беріледі. Қазір бізде жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Әзірге екі миллион доза. Жалпы, біз шамамен 10 миллион адамға екпе жасатуды жоспарлап отырмыз - бұл 55 пайызды құрайды. Біз науқастармен тікелей байланыста болатын негізгі осал топтарды анықтадық. Әзірге бұл 18 жастан 60 жасқа дейінгі санат, - деп түсіндірді министр.

Цой егер жас ауқымы кеңейтілсе, онда вакцинацияға қатысушылар санының артуы мүмкін екенін жеткізді.

Ресейлік вакцина шамамен ақпанның үшінші онкүндігінде тіркелуі керек. Алдағы уақытта ол Қазақстанның өзге аймақтарына түседі және біз вакцинацияны бастай аламыз, - деп толықтырды министр.

Оның айтуынша, QazCovid-in қазақстандық вакцина да наурыз айында түсуі тиіс. Осыдан кейін кезең-кезеңмен егу басталады.

Айта кетейік, министр бұған дейін коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасы Қазақстанда 2021 жылдың екінші жартыжылдығында жеткізілетінін айтқан болатын. Ол сондай-ақ, өзінің әлі вакцина салдырмағанын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы