Қазақстан – татулық пен достық мекені

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық Достық үйінің мәжіліс залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалық етуімен Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Шараға құрылым басшылары қатысты.


Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және этносаралық қатынастар саласындағы модельдік ведомствоаралық жоспарды іске асыру мәселелері талқыланды. Қалалық ассамблея «Ризашылық марафонын» бастауға рұқсат берді. Отырыста жергілікті атқарушы органдардың, этномәдени бірлестіктердің, елордалық ассамблеяның қоғамдық құрылымдары басшыларының қатысуымен «Алғыс айту күніне» орай өткізілетін шаралар барысы тарқыланып, шет елден келетін қандастарымызда туындауы мүмкін мәселелер қаралды.
Қазақстанда Алғыс айту мерекесінің орны ерекше. Қиын-қыстау кезеңде депортацияланған барлық этнос өкілдерін қазақ халқы ыстық ықыласпен қарсы алды. Этностар арасында мәдени байланыс тереңдеуі қажет. Ассамблеядағы әріптестеріме алғыс айту марафонын ұсынамын. Қазақстанға келген сәттен бастап жеткен жетістіктеріңізді әлеуметтік желілерде бөлісіп, таратуларыңызды сұраймын, біз осы игі іспен халықтар достастығын нығайтамыз, - деді «Хазар» әзербайжан этномәдени орталығының басшысы Видади Агаев.



 «Вайнах» шешен-ингуш орталығының басшысы Салман Героевтің айтуынша, ел Тәуелсіздігінің берген сыйы өте көп.
Мәселені айтып қою жеткіліксіз. Біз мәселе талқылауға жиналған жоқпыз. Міндет пен мәселеден басқа Тәуелсіздік берген сыйды түсінсек деймін. Мәдениетті дамыту ән айтып, би билеумен шектелмейді. Ән-күй керек, бірақ онымен бірге халықтар бір-бірін түсініп, естуі керек. Қазақ жері жай мекен болған жоқ, ол біздің туған үйімізге айналды. Басқа елдерде біздің қандастарымызға Қазақстандағыдай мүмкіндіктер берілмейді. Бізде тең құқық бар. Бұл – үлкен іс. Мәселелер туындаған күннің өзінде оны абыроймен шешеміз деп ойлаймын, - деді ол.
Ассамблея алдына қойылған міндет-жоспардан бөлек, Бақтияр Мәкен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылатын қайырымдылық іс-шаралары туралы пікірін айтты.



Бізде былтыр желтоқсан айынан бастап «30 қайырымды іс» акциясы басталды. Биыл көлемді түрде республикалық деңгейде жалғасын табуда. Қазір біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қоғамға көмегін тигізетін көптеген шара іске асырылады. Ал бұл - тек мерейтой үшін ғана емес, халық жанашырларының игі істері. Солардың ішінде арнайы меценаттардың жұмысқа белсенді араласуын ерекше атап өту керек. Қайырымдылық қорлары мен қоғамдық ұйымдар ұсыныс тастауда. Меценаттар 4 млн теңге көлемінде көмек көрсетіп жатыр, - деді ол.

Оның айтуынша, қайырымдылық акциялар рухани жобадан бастау алды. Бақтияр Мәкен мемлекеттің белсенді азаматтарына көмек көрсетіліп жатқандығын атап өтті.
Біз үлкен көлемде қаражат беретін адамдарды, қол ұшын тигізіп жатқан барлық тұлғаларды көрсетуіміз керек. Олар өз ұсыныстарын бере алады. Бірақ көбісі аттарын атағысы келмейді. Мысалы, «Біз біргеміз» акциясы аясында біраз кәсіпкерлер азық-түлікпен 100-ден астам отбасыға көмектесті. Біз көрсетейік, айтайық десек те, «бұл - менің адамгершілік борышым, өзім үшін емес, ел үшін, халық үшін» деп есімдерін жария қылмауын өтінеді. Бір азамат өзі жетім болып өскен, біз оған 200-300 адамның тізімін берген болатынбыз. Көпбалалы аналар, жалғызбасты адамдар, жалпы әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың тізімін береміз. Бәрі бірдей ашық түрде көрсеткенді қаламайды. Ол, әрине, әркімнің өз еркі. Әр акция – басқалар үшін үлгі, бастама. Ізгі істі тарату – бәріміздің борышымыз, - деді әкімнің орынбасары.
Бахтияр Мәкен меценаттардың қатысуымен онлайн форматта эксклюзивті заттарға аукциондар өткізу идеясымен бөлісті. Жиналған қаражат әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға беріледі.

Раушан Арманқызы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы