Қазақстан танкистері конкурсқа жасыл түсті танкілермен қатысатын болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеу маңындағы «Патриот» паркінде Армиялық халықаралық ойындардың «Танк биатлоны» конкурсы бірінші кезеңінің жеребесі өтті.
Қазақстан командасы жасыл түсті танкілерде үшінші айналымдағы жеке жарысқа қатысатын болды. Айналымдағы қарсыластары – Әзербайжаннан, Беларуссиядан және Сербиядан келген танкистер. Жарысқа Қазақстанның бірінші экипажы 24 тамызда шығады.
Танк биатлоны 22 тамызда Қытай, Ресей және Өзбекстан танкистерінің жарысымен басталады, 23 тамызда ойындардың ашылу күні Венесуэла, Вьетнам, Моңғолия және Сирия командалары бірінші экипаждарының жарысы өтеді.
Бүгін жеке құрам жарыс трассасымен танысып, қауіпсіздік шаралары бойынша нұсқау беруден өтеді. Осыдан кейін экипаждар техниканы қабылдап алады. Барлық қатысушының жауынгерлік көңіл-күйі жоғары, командамыз нәтижелі жетістікке қол жеткізеді деп сенеміз, – деді команданың аға жаттықтырушысы, подполковник Әділ Тұрсынқұлов.
Халықаралық конкурсқа 19 елден келген танкистер қатысады, олар екі дивизионға бөлінген. Бірінші дивизионда Қазақстан танкистерімен бірге Әзербайжан, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Қытай, Моңғолия, Сербия, Сирия, Ресей және Өзбекстан командалары, екінші дивизион құрамында Абхазия, Қатар, Қырғызстан, Лаос, Мали, Мьянма, Тәжікстан және Оңтүстік Осетия командалары конкурсқа түседі.