Қазақстан Республикасының Парламентіне – 25 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Парламентіне 25 жыл толып отыр. Осыдан тура ширек ғасыр бұрын қос палаталы Парламентіміздің алғашқы сессиясы ашылған еді. Содан бері заң шығару органы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Мәулен Әшімбаев.

Осы жылдар ішінде елімізде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бірқатар саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар табысты іске асырылды. Көптеген тың бағдарламалар мен жобалар қолға алынды. Соның бәрінде Парламент ерекше рөл атқарды. Себебі, Парламент сапалы заңдар арқылы ұлттық мүдде жолында атқарылған әр жұмыстың құқықтық негізін қалыптастырып отырды.

Қазіргі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кешенді жаңғыру бағдарламасын сәтті жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету – Парламенттің басты міндеті.

Жалпы, ширек ғасырда Парламент Отанымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететін 2940 заң қабылдаған екен. Оның 200-ден астамына депутаттар бастамашы болды. Халық қалаулылары тек заң шығарып қана қоймай, депутаттық сауалдар арқылы да қоғамды алаңдатқан көптеген мәселенің оң шешілуіне атсалысып келеді. Мәселен, 25 жылда тек сенаторлардың өздері 2140 сауал жолдап, халықтың үнін билікке жеткізе білді, - деп жазды ол.

Соңғы конституциялық реформаның нәтижесінде елімізде Парламенттің өкілеттігі күшейтілгені белгілі. Сол арқылы заң шығару қызметіне тың серпін берілді. Президентіміздің бастамасымен Парламенттік оппозиция институтының заңмен бекітілуі де өкілді органның беделін өсірген маңызды қадам болды.

Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесінде Парламенттің алар орны бөлек. Бүгінде барлық серіктес мемлекеттердің Парламенттерімен тығыз байланыс орнады. 

Парламентаралық ұйымдармен де қарым-қатынас жүйелі жолға қойылды. Қазіргі таңда қос палаталы Парламент толық қалыптасып және өзін биліктің негізгі тармақтарының бірі екенін іс жүзінде нақты дәлелдеп үлгерді. Шын мәнінде, заң қабылдау барысында Мәжілістің де, Сенаттың да маңызы зор. Бұл жерде, ең алдымен, тұтас елдің және әр өңір мен әр азаматтың мүддесі ерекше назарға алынады. Сол себепті, заң жобаларын қарау кезінде осы мәселелерге баса мән беріледі.

Парламентте Палата отырыстарынан бөлек, өзекті тақырыптарға арналған парламенттік тыңдаулар, Үкімет сағаттары, көшпелі отырыстар, дөңгелек үстелдер, комитеттердің отырыстары және тағы да басқа іс-шаралар жұмыстың негізгі бағыттары болып саналады.

Әріптестерімді Парламенттің 25 жылдығымен құттықтай отырып, заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган алдағы уақытта да тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуы үшін нәтижелі қызмет ете береді деп сенемін, - деп жазды Сенат төрағасы.





Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы