Қазақстан-Норвегия саяси консультацияларының III раунды өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан-Норвегия Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялардың кезекті отырысы онлайн өтті. Оның аясында екіжақты тректе, көпжақты форматта да саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Іс-шараның тең төрағалары Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан және Норвегия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Аудюн Халворсен болды.

Келіссөздер барысында екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейтуді және парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды қоса алғанда, өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымы қаралды. Консультациялар аясында COVID-19 пандемиясына қарсы іс-қимыл және екі ел үкіметтері осы бағытта қабылдап жатқан шаралар бойынша тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды, - делінген хабарламада.

Келіссөздердің маңызды пункті сауда-экономикалық және инвестициялық күн тәртібін талқылау болды, оның шеңберінде тараптар көлік, логистика, геологиялық зерттеулер және энергетика саласындағы ынтымақтастықтың басымдығын атап өтті.

Консультацияларда сондай-ақ БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдар желісі бойынша екі елдің өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.

Консультациялар соңында тараптар екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы