Қазақстан мен Ресей көлік бағыттарын дамыту ынтымақтастығын кеңейтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев РФ Көлік министрінің бірінші орынбасары Андрей Костюкпен және Мәскеу Үкіметінің өкілдерімен кездесті. Тараптар одан әрі өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" және "Меридиан" халықаралық көлік бағыттарын дамыту мәселесі көтерілді. Қос ел министрліктерінің өкілдері перспективалы жол трафигінің болжамын және дәліздерде көліктік және транзиттік ағындардың бөлінуін талқылады.
Бұдан бөлек, кездесу аясында 2021-2025 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерін дамыту мәселесі қаралды. 9 бекетті модернизациялау жоспарлануда: Сырым - Маштаково, Тасқала - Озинки, Әлімбет - Орск, Үрлітөбе - Ольховка, Жаңажол - Петухово, Қосақ - Павловка, Құрманғазы - Қараөзек, Ақсай – Ілек, Қайрақ – Бугристое.
Сондай-ақ, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының аумағына шығатын "Батыс Еуропа - Батыс Қытай", "Омбы – Павлодар – Қалбатау - Майқапшағай", "Талдықорған - Өскемен-Шемонаиха (Барнауылға)", "Алматы – Қарағанды – Нұр - Сұлтан-Петропавл – Қорған (РФ)", "Нұр-Сұлтан-Қостанай – Челябинск", "Атырау - Орал - Озинки (РФ)", "Ақтөбе - Орал - Самара (РФ)" және "Ақтөбе - Атырау - Астрахань (РФ)" халықаралық көлік бағыттарын дамыту бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы келіссөздер өтті)").
Бұдан басқа, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, сондай-ақ көлік холдингі өкілдерінің қатысуымен қазақстандық делегацияның сапары аясында Жол қозғалысын ұйымдастырудың жергілікті орталығы таныстырылды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тасымалдауды ұйымдастыру тәжірибесімен алмасып, көлікте цифрлық технологияларды енгізудің оң аспектілерін атап өтті және осы бағытта одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайындығын білдірді.