Қазақстан мен Өзбекстан COVID-19 таралуына жол бермеу шараларын талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған ҚР делегациясы Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бехзод Мусаевпен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның қазіргі эпидемиологиялық ахуалын, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі бірлескен шараларды талқылады.
Сондай-ақ тараптар кездесу барысында қабылданған барлық шешімдер өзара тиімді серіктестіктің одан әрі дамуына серпін беріп, бауырлас Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының әл-ауқатын жақсартуға үлес қосатындарына сенімдерін білдірді.
Е. Тоғжанов бүкіл әлемді шарпыған COVID-19 пандемиясы екі елдің арасындағы өзара іс-қимыл мен өзара қолдауының қажеттілігін тағы бір рет көрсетті деп баса айтты.
Б. Мусаев эпидемиологиялық ахуалға дер кезінде ден қою, халыққа ПТР-тестілеуі мен дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, жаңа ауруханалар салу мәселелерінде Қазақстан басшылығының жеделдігінің жоғары деңгейін атап өтті. Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары коронавирус инфекциясының таралуына қарсы тұруға ықпал ететін ақпараттық технологияларды енгізудің нәтижесін ерекше атап өтті.
Өзбекстан Үкіметінің өкілдері қазіргі эпидемиологиялық ахуал туралы үнемі ақпарат алмасу түрінде денсаулық сақтау саласындағы серіктестікті жандандыруға дайын екендіктерін білдірді.
Бұдан әрі екі елдің вице-премьерлері фармацевтикалық өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды, оның ішінде Қазақстан аумағында дәрілік және гигиеналық заттарды шығаратын зауыт салу, Өзбекстанда фармацевтикалық өнімдер шығаратын кәсіпорындар құру мәселелерін талқылады.
Пандемия жағдайында вакцинация мәселесі аса маңызды болып табылады. Қазақстандық делегация QazCovid-in инактивацияланған вакцинасының клиникалық зерттеулерінің I және II фазаларының аралық нәтижелерін мәлімдеді. Бірінші және екінші кезеңдердің нәтижелері жоғары тиімділікті көрсетті. Қазіргі уақытта 3 000 адамды қамтитын клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі жүріп жатыр.
Кездесу барысында Е.Тоғжанов екі елдің денсаулық сақтау министрліктері арасындағы Келісімді әзірлеу және қол қою туралы ұсыныс жасады. Вице-премьердің айтуынша, бұл қадам денсаулық сақтау саласы, оның ішінде цифрлық технологиялар мен зияткерлік жүйелерді, медициналық білім мен ғылымды, фармацияны, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті және басқа да салаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Екі күндік сапар аясында қазақстандық делегация бірқатар медициналық орталықтар мен фармацевтикалық кәсіпорындарға, сондай-ақ Ташкент медициналық академиясына барады.
Өз кезегінде Е. Тоғжанов өзбек әріптестерін Қазақстанның жетекші медициналық орталықтарының жұмысымен танысу үшін елге арнайы сапармен келуге шақырды. Бехзод Мусаев шақыртуға алғыс білдіріп, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы тәжірибелерімен және жетістіктерімен одан әрі алмасуға дайын екенін білдірді.