Қазақстан мен Өзбекстан арасын жалғайтын жаңа әуе қатынасы ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Өзбекстан Республикасының көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесті. 

Тараптар транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, атап айтқанда, жүк тасымалын ұлғайту, теміржол және автомобиль көлігін дамыту, бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. 


Қазақстанның Өзбекстанмен стратегиялық серіктестігі транзиттік-көлік саласын қоса алғанда, барлық бағытта қарқынды дамып келеді.

Қазақстан мен Өзбекстан тараптары өзара сауда көлемін ұлғайту үшін көлік-логистика әлеуетті арттыру бойынша шаралар қабылдап жатыр.

2021 жылғы қаңтар-мамырда тауар айналымы 46%-ға өсіп, $1,5 млрд құрады. ҚР-ның ӨР-ға экспорты 58,4%-ға ұлғайды. 

Пандемияға қарамастан, Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының барлық түрлі бойынша көрсеткіштердің артқаны байқалады.

Тек 2021 жылдың І тоқсанында контейнерлік тасымалдар 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57% өсіммен 233,9 мың ЖФЭ-ге дейін артып келеді. 

Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі осы жылдың 6 айында 18%-ға өсіп, 1,3 млн тоннаны құрады. 

Тараптар биылғы жылдың 29 шілдесінен бастап аптасына 2 рет жиілікпен «Ақтөбе – Нөкіс» бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын ашуға келісті. Қазір ҚР мен ӨР арасында аптасына 32 рейс орындалады, - делінген хабарламада.

Кездесу барысында тараптар бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру — «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісін, «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралін салу және т. б. жоспарларды талқылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы