Қазақстан мен Қытай кедендік статистика деректерін алмасуды жалғастырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Қытай арасында тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерімен алмасу бойынша жұмыстарды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сондай-ақ алдын ала онлайн ақпарат алмасуды ілгерілету жобасы сәтті жалғасуда. 

Бұл туралы ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

12 қарашасында Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің кеден бекеттері арасындағы ынтымақтастық және кеден ісі бойынша кіші комитеттің 11-ші отырысы өткізілген болатын.

Қазақстандық делегацияны Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ә.Алтынбаев, қытайлық тарапты - Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы министрінің орынбасары Ван Лицзюнь басқарды. Іс-шараға Сыртқы істер, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, «ҰҚ ҚТЖ» АҚ өкілдері, сондай-ақ ҚХР БКБ мүдделі департаменттерінің басшылары қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар қол жеткізілген нәтижелерге қанағаттанушылық білдірді, өзара тиімділік негізінде індетке қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілігін атап өтті, өткізу бекеттерінде пандемияға қарсы іс-қимыл бойынша өзара қауіпсіздікті қамтамасыз ету және екіжақты сыртқы сауданы дамытуға жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының автокөлік және теміржол өткізу бекеттерінде өткізу қабілетін арттыру, автокөлік құралдары мен жүктерге қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы уағдаласты.

Бұдан басқа, тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерімен алмасу бойынша жұмыстарды жалғастыру, ҚР – ҚХР автомобиль және теміржол өткізу бекеттері арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала онлайн ақпарат алмасу жобасын ілгерілету бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы кедендік ынтымақтастық достық негізде құрыла беретініне, ал қабылданған шешімдер жан-жақты өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы