Қазақстан мен Индонезия қолөнершілерінің жұмыстары ұқсас – шетелдік дизайнер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық музейінде индонезиялық дизайнердің шеберлік сағаты өтіп жатыр.


Аталған шараны ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен Қазақстандағы Индонезия елшілігі ынтымақтастық аясында өткізіп жатыр. Жиын барысында дизайнерлер маталарға батик кескіндерін қалай салатынын көрсетіп, Индонезия мәдениеті туралы мағлұматтар берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматыда осыған ұқсас тағы 4 шеберлік сағатын өткізу жоспарланып отыр.



Дизайнер Вен Алемсях Индонезияның батик орталығынан келген, оның айтуынша алдымен батик кескіндері салынады, кейін оны түрлі бояулармен көмкеріп шығады. 

«Индонезияның 260 млн-ға жуық халық бар. Оның ішінде 300-дей этникалық топ болса, олардың әрбірінің өз мәдениеті, дәстүрі бар. Мен соның бірін таныстырамын. Бұл жұмыстардың бәрі қолмен жасалатындықтан олар бірегей әрі қызықты болып шығады. Біз халықтың көзінше матаға сурет салу арқылы өз шеберлігімізді көрсетеміз. Қазақстанға келгелі мұндағы шеберлердің жұмысын байқадым. Олар да қолдан жасалған бұйымдар өте көп. Тігу, жасау жағынан біздің елдердің әдістері ұқсас, тек әр елдің өзіне тән өрнектері бар, біздің ерекшеліктеріміз осында ғана», - дейді дизайнер. 



Шеберлік сағатында сондай-ақ индонезиялық зергерлердің бұйымдарды қойылған. Оның жасалу тәсілі, қандай металдар мен тастарды пайдаланатыны жиын кезінде көрсетілді.



Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мәдениетті кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы