Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР АШМ басшысы және Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрінің бірінші орынбасары екі елдің АӨК саласындағы ынтымақтастығын нығайту жөніндегі сұрақтарды талқылады. 

Беларусь Республикасының премьер-министрі Роман Головченконың Қазақстанға жұмыс сапары аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрінің бірінші орынбасары Игорь Брыло арасында кездесу өтті.

Ведомство басшылары ауыл шаруашылығы саласындағы, атап айтқанда, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, аграрлық ғылым және білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Сапархан Омаровтың айтуынша, бүгінде екі ел арасында сүт өнімдерін өндіру, ветеринария, сорт сынау және ауыл шаруашылығы дақылдарын іріктеу салаларында, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерін даярлау және қайта даярлау саласында жаңа перспективалар бар.

Осы орайда министр Қазақстан ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту саласында жақсы жетістіктерге жетіп отырған Беларусь елімен ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР АШМ "Ұлттық аграрлық-ғылыми білім беру орталығы" КеАҚ және Беларусь Мемлекеттік аграрлық техникалық университетінің өкілдері ғылым, білім беру және біліктілікті арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл оқытушылар мен білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығын іске асыруға, АӨК қызметкерлерін біліктілігін арттыруға және тағылымдамадан өткізуге, оқытудың инновациялық әдістерін дамытуда тәжірибе алмасуға және бірлескен семинарлар өткізуге мүмкіндік береді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы