Еліміз коронавирустан қайтыс болғандар бойынша әлемде 102-орында тұр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысы барысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов хабарлады. Оның айтуынша, әлемде КВИ-дің 248 миллионнан астам жағдайы тіркелген.
Тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 5 миллионнан астам адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірінің деректері бойынша соңғы екі аптада 53 елдің 45-інде сырқаттанудың өсуі байқалады, - деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ соңғы 14 күнде сырқаттану деңгейі Мажарстанда барынша ұлғайған.
Мажарстанда ауру 230%-дан артық, Польшада – 200%-дан артық, Аустрияда – 100%-дан артық, Әзербайжан және Германияда 80%-ға артық өскен. Сырқаттанудың өсуі Еуропаның 9 елінде төмендеді. Оның ішінде Израильде 57%-ға, Түркияда 9%-ға және Испанияда 7%-ға кеміген. Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 11%-ға төмендеді. Әлемдік рейтингке сәйкес 222 елдің ішінде Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша 105 орында, өлім көрсеткіші бойынша 102 орында тұр, -деді вице-министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы елдегі вакцинациялау қарқынына көңілі толмайтынын айтқан болатын.