Қазақстан Кореяда жазасын өтеп жатқан 25 азаматты елге қайтарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кореяда жазасын өтеп жатқан 25 қазақстандықты елге қайтаруға болады. Бұл туралы ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Мемлекет үшін шетелде жүрген азаматты қорғау – Конституция жүктеген міндетіміз. Себебі Конституцияға сәйкес елімізден тыс жерлерде жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береміз. Сондықтан басқа елде қылмыс жасап, сотталған азаматтарды тастап кетпейміз. Бүгінгі шарттың негізгі мақсаты - сотталған адамдарды өзара алмасу, оларды беру жолдарын реттеу,- дейді Марат Ахметжанов.

Сотталған адамдар мынадай жағдайларда беріледі: 

- егер соттталған адам еліміздің не Кореяның азаматы болып танылса;

 - сот үкімі заңды күшіне енген болса; 

- беру туралы сұрау салу алынған кезде кемінде бір жыл өтейтін мерзімі қалса; 

- жасаған әрекеті екі жақта да қылмыс болып танылса; 

- екі мемлекет сотталғанды өзара беруге келіссе.

Осы талаптар сақталмаса сотталған адамдар берілмейді. Қазақстанға қайтарылған адам Корея сотының үімі бойынша өз жазасын өтейді. Егер Қазақстан мен Кореяның заңдары сәйкес болмаса, үлеспесе, онда сот үкімі біздің заңда көзделген жазаға сай келтіріледі. Алайда жазаның сипаты мен ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауға тиіс. Бүгінгі таңда Кореяда 25 қазақстандық, ал Қазақстанда кореялық бір азамат жазасын өтеп жатыр, -дейді бас прокурордың орынбасары.

Ол ұсынылып отырған келісімге ратификация жасалған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады деп отыр. 

Олар елге келіп, әлеуметтік ортасында жазасын өтейді, қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді. ҚР-ның халықаралық шарттар туралы заңына сәйкес шарт ратификациялауға жатады. Себебі адам құқықтарына тікелей қатысты. Шартты қабылдау бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді. Заңды қабылдаудың экономикалық, әлеуметтік және өзге де кері әсері жоқ,- дейді Марат Ахметжанов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы