Қазақстан қарқынды серпіліс жасады – ГФР Бундестагының вице-төрағасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Германия Федеративті Республикасы Бундестаг төрағасының орынбасары Ханс-Петер Фридрихпен кездесті, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі. 

Тараптар өзара партияаралық ынтымқтастықты дамыту перспективаларын, «жаңа» медианың елдегі қоғамдық-саяси ахуалға ықпалын, сондай-ақ «Nur Otan» партиясын қайта жандандырудағы негізгі бағыттарды талқылады.

Бүгінде Қазақстан мен Германия арасындағы сенімді серіктестіктің арқасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық қарқынды дамуда. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 5,9 пайызға өсіп, жаңа тарихи мәнге – 5,1 млрд еуроға жетті. Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі саналады. Ал екіжақты сауда-саттықтың жалпы көлемі Германияның осы аймақтағы елдерімен сыртқы сауда операцияларының 85 пайыздан астамын құрайды.

«70 жыл бойы Германияның саяси жүйесінде тұрақтылық орын алды. Соның арқасында біз экономикалық зор табысқа қол жеткіздік. Дегенмен, заман талабы өзгеруде, қазір біздің федералды жиынымызда алты фракция бар. Біз саяси тұрақтылықтың арқасында Қазақстанның 30 жылға жуық уақыттың ішінде мықты серпіліс жасағанын көріп отырмыз. Жұртшылық тұрақтылықтың аса үлкен құндылық екенін түсінуі тиіс. Себебі, ол экономиканың тірегі. Біз әлі де болса бұл жолға қайта ораламыз деп сенемін. Сәт сайын өзгеріп жатқан әлемде барлығымыздың алдымызда жаңа сынақтар кездесетіні анық. Мәселен, жаңа технологиялардың дамуымен қатар, цифрлық саладағы заңдылықтарды сақтауды, мораль мен әдеп, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауды қамтамасыз ету қажет», - деді Ханс-Петер Фридрих.

Орталық аппараттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Германияның Христиан-демократиялық одағы партиясының және Қазақстандағы К. Аденауэр атындағы қордың өкілдерімен де кездесу өткізген.

Кездесу барысында тараптар партиялық праймериз рәсімін ұйымдастыру және өткізу тәртібін талқылады. Бұл рәсімді ХДО партияішілік демократияны қарқынды дамыту үшін сайлау науқаны барысында қолданып келеді. Сайлау науқаны және сайлауаралық кезеңде де партияның жаңа көшбасшыларын анықтау мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Айта кетейік, Христиан-демократиялық одағы Германия үшін ауыр кезең болған 1945 жылы құрылды. Аталған одақ қоғамды біріктіріп, ел дамуына түбегейлі жаңа серпін берді. Конрад Аденауэр – Германияның федеральдық канцлері және ХДО партиясының төрағасы. Оның есімін Германиядағы демократиялық қайта құрумен, еуропалық бірігу мен әлеуметтік нарықтық экономикаға бастаған оң өзгерістермен байланыстырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы