Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дәл қазір Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтіп жатыр.

Сессияның күн тәртібіне шығарылған тақырып - «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы».

Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі сессиясының маңызы ерекше. Биыл біз ортақ Отанымыз - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін жыл болып отыр. 1991 жыл еліміз үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық. Ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу бақыты болды. Мұның барлығын бәріміз басымыздан кешіріп көрдік, енді биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз, - деді Елбасы.

Елбасы көпэтносты мемлекет осыдан 30 жыл бұрын даму жолында іргелі қадам жасағанын жеткізді.

Бүгінде сол стратегиялық формуланың ұлттық даму жолында дұрыс, тиімді қадам болғанын зор сеніммен айтуға болады. Біріншіден, бұл бізге мемлекеттілікті құруда ыңғайлы жағдай жасауға және заманауи Қазақстанның бейнесін жасақтауда қуатты ресурстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл жердегі ең маңызды дүние – «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деген сөздермен басталатын Конституциямыздың преамбуласы. Бұл сөйлемнің мәні өте терең. Себебі, Конституциямызды жазу барысында мен осы сөйлемге баса назар аудардым, - деді ол.

Айта кетейік, сессия жұмысына онлайн форматта 600-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірінен келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы