Қазақстан ет және сүт өнімдерін ірі көлемде экспорттайтын елге айналуы тиіс – Қырымбек Көшербаев
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматыда өтіп жатқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.
Мемлекеттік хатшы жиын барысында егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқартуды, оларды көкөніс пен майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бетбұруымыз керектігін айтты.
Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты өңдеудің заманауи технологияларымен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет. Осы ретте Шопан ата ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының мал шаруашылығы саласында қой өсірушілерге бағытталған ақпараттық платформасы назар аудараралық. Бұл платформа қойшы қауымның мұң-мұқтажын ортаға сала отырып, жан-жақты тәжірибе алуға бағытталған,-деді ол.
Көшербаев сондай-ақ шопан қауымының мәртебесін көтеру жолында Шопандар күнін өткізу туралы ұсыныс құптарлық бастама екенін айтты.
Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығында бүгінгі таңда 100-ден астам шаруа қожалығы тіркелген. Бұл шаруашылықтардың артында көптеген қазақстандық шаруа тұр, қазақтың болмысы, қазақтың дәстүрі тұр деп айтуға болады,-деді мемлекеттік хатшы.
Айта кетсек, Алматыдағы қазақ агрларлық зерттеу университетінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.
Жазылбек 1896 жылы 29 наурызда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Көктерек ауылында дүниеге келген. 1936-1957 жылдары Көктерек, Айдарлы совхоздарында аға шопан болып қажырлы еңбек етеді. Ол кісі жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қойымен будандастыру ісін жүргізеді. Ұлы Отан соғысынан кейін тоқтап қалған селекция жұмысын жалғастырып, жаңа қой тобы құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіреді.