Қазақстан елшісі Шура мәжілісінің төрағасымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Елшісі Берік Арынды Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің (Шура Мәжілісі) төрағасы Абдалла бен Мұхаммад бен Ибрахим Әл аш-Шейх қабылдады.

Кездесу барысында Елші ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Сауд Арабиясының жарлығымен Консультативтік кеңестің Төрағасы болып қайта тағайындалуына орай әріптесіне жолдаған құттықтауын және Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыру хатын табыс етті. Сондай-ақ, тараптар екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде «Қазақстан – Сауд Арабиясы» парламенттік достастық тобының жұмысын жаңғырту, оның мүшелерінің өзара сапарларын тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Б.Арын Консультативтік кеңестің төрағасына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқанының және 10 қаңтарда өткен дауыс берудің қорытындысы туралы айтып берді. Осы ретте ол 15 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламент Мәжілісінің VII шақырылымдағы жаңа құрамының алдында айтқан бірқатар жаңа бастамалары аясында саяси жаңғыру мен ары қарай демократияландыру бағытындағы саяси реформалардың үшінші пакетінің негізгі мазмұнымен таныстырып өтті.

Өз тарапынан араб саясаткері ҚР Парламенті Сенаты спикерінің шақыруын ризашылықпен қабыл алып, COVID-19 пандемиясы аяқталғаннан кейін Қазақстанға сапарын жүзеге асыруға дайындығын білдірді.

Шура Мәжілісінің төрағасы, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға, сондай-ақ мемлекет басшылығының болашақты көксеген сындарлы саясатына жоғары баға берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы