Қазақстан елшісі ДИЛ бас хатшысымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшісі Берік Арын Дүниежүзілік ислам лигасының (ДИЛ) бас хатшысы Мұхаммад Әбделкарим Әл-Исамен кездесті.

Кездесу барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясындағы Қазақстан мен ДИЛ арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың жолдары қаралып, дінаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша пікір алмасылды.

Осы ретте елші М.Әл-Исаға Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың аталған бағыттағы өзара ықпалдастықты  тереңдету мақсатында Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырған хатын табыс етті.

Сонымен қатар, Отандық дипломат сұхбаттасын Қазақстанда орын алып жатқан маңызды оқиғалармен, соның ішінде қаңтар айында өткен парламенттік сайлау нәтижелерімен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалардың үшінші пакетінің негізгі мазмұнымен, еліміз Тәуелсіздігінің 30-жылдығын атап өту аясындағы шаралармен таныстырып өтті.

Өз тарапынан М.Әл-Иса ДИЛ-дің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі қызметін толық қолдайтынын қуаттады және оның Хатшылығымен ынтымақтастықты барынша тереңдетуге, әлемдегі келісім мен үйлесімді, діндер арасындағы өзара құрмет пен сыйластықты нығайту бағытында бірлесіп жұмысты жалғастыруға дайындығын білдірді.

Сондай-ақ, ДИЛ бас хатшысы көптеген этностар мен конфессиялар өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүруін қамтамасыз еткен Қазақстан басшылығының сындарлы саясатына, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға, тәуелсіз даму жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы