Қазақстан елшісі Араб мемлекеттері лигасының бас хатшысына сенім құжаттарын тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Араб мемлекеттері лигасының штаб-пәтерінде Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шариф ұйымның бас хатшысы Ахмед Абул Гейтке сенім құжаттарын тапсырды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Рәсімнен кейін өткен екіжақты кездесу барысында тараптар қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен одан әрі даму көкжиектері туралы пікір алмасты. АМЛ бас хатшысы Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен тұрақты дамуға, соның ішінде Сириядағы жанжалды шешуге бағытталған Астана процесі арқылы қосып жүрген үлесін жоғары бағалады. Осыған орай тараптар келіссөздердің осы уақытқа дейін болған 15 раундының жемістерін атап өтті.

Өз кезегінде Қ. Лама Шариф Қазақстан жетекші рөл атқаратын ядролық қарусыздану және таратпау тақырыбына тоқталды. Осы орайда ол Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарт ұйымының «Ядролық қарудан азат әлемнің чемпионы» мәртебесін беруі (Финляндияның бұрынғы Президенті Тарья Халоненмен қатар) Елбасының халықаралық аренадағы лайықты беделін мойындау екендігін айтты.

Отандық дипломат АМЛ-дың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына қолдауы мен қатысқаны үшін ризашылық білдірді, сондай-ақ Қазақстанның Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу бойынша Мінез-құлық кодексі, Ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға бірдей декларацияны бекіту секілді бірқатар маңызды халықаралық бастамаларының іске асыру барысымен таныстырды, - делінген хабарламада.

Сұхбаттасушы Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығы кезіндегі басымдықтарын қолдайтындығын, бүгінде бұл ұйымға бақылаушы болып табылатын АМЛ оның қызметіне үлкен қызығушылық танытатындығын және бүгінгі таңда кеңес танымал және беделді форумға айналып үлгергенін атап өтті.

Кездесу соңында А. Абул Гейт Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде халықаралық деңгейде қажырлы күш-жігер жұмсағандығын, әсіресе, сындарлы және бейбіт саясат арқасында антиядролық қозғалыс идеяларын, конфессияаралық диалогты табысты ілгерілетуге, бейбітшілікті нығайтуға және қақтығыстарды тоқтатуға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Осы тұрғыда тараптар АМЛ мен Қазақстан арасындағы барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуетті тиімді пайдалану маңыздылығына ерекше мән берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы