Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының екі бастамасына қолдау көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Дүниежүзілік сауда ұйымының екі бастамасына қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Тұрақты өкіл Қазақстанның ДСҰ-ға мүше елдердің COVID-19 пандемиясымен күрес («Сауда және денсаулық») және БҰҰ-ның дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен гуманитарлық мақсатта сатып алынатын азық-түлікке экспорттық шектеулерді жою туралы екі бірлескен мәлімдемесі мен бастамаларына қосылатынын атап өтті.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, коронавирус пандемиясын еңсеру ДСҰ-ның үлесін қамтамасыз ету ұйымның 12-министрлік конференциясының негізгі мәселесі болып саналады. Осыған байланысты Қазақстан алдағы мәжілісте нақты шешімдер қабылдау үшін тиісті мәселелерді одан әрі талқылауға баса мән береді.

ДСҰ-ның аталған мәлімдемелері пандемиямен күресу үшін қажетті медициналық препараттар мен тауарларды сату кезінде сауда кедергілерін жоюға, сондай-ақ БҰҰ ұсынатын аса маңызды гуманитарлық өнімді коронавирустан қатты зардап шеккен елдерге тез жеткізуді көздейді.

Бүгінде COVID-19 пандемиясымен күрес жөніндегі бастаманы ДСҰ-ның 25 мүшесі қолдайды, ал ұйымның 54 мүшесі БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен сатып алынатын өнімдерге экспорттық шектеулерді алып тастау туралы мәлімдемесіне қосылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы