Қазақстан дүкендеріндегі тауарларды енді «киберкөз» бақылайтын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен дүкен сөрелеріндегі тауарларға талдау жасайтын қосымша іске қосылды. Goods Checker таяу уақытта қазақстандық ірі желілерде сынақтан өткізілетін болады. 

Компьютерлік көру қабілетін елімізде IBA Қазақстан IT-компаниясы енгізеді, деп жазды tradecluster.ru.

Мобильді қосымша тауарларды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Дүкенге келген сатып алушылар енді бос сөрелерді көрмейді және өздеріне таныс жерлерден қажетті өнімдерді таба алады. Технология бұрын басқа елдерде, соның ішінде Ресейде сәтті іске қосылды. Беларусьте ол 2020 жылы белсенді түрде енгізіле бастады.

Жасанды интеллект сөрелердегі тауарлардың орналасуын бақылайды. Сонымен қатар мерчендайзерлер мен бөлшек саудагерлердің жұмысын автоматтандырады. Нейрондық желілер санаулы секундтарда-ақ сөрелердегі өнімдерді танып, олардың дұрыс орналастырылғанын тексереді. Сондай-ақ бұл дүкендердегі түрлі брендтер өнімдерінің үлесін анықтауға мүмкіндік береді.

Goods Checker мамандар әзірлеген планограмманы сақтау есебінен дүкендердегі ілеспе тауарларды сату үлесін арттырды. Фотосуреттерден өнімді тану дәлдігі 95% құрайды.

Қосымшаны қолдана отырып, ірі өндірушілердің бірі ай сайын 5 мың дүкенде 2 миллионнан астам өнімнің көрсетілуін бақылайды. Ай сайын 40 мыңға жуық фотосурет өңделеді. Бір суретке бірнеше секунд кетеді. Мұндай фотосуреттерді қолмен тексеру мүмкін болмас еді.

Сервис сауда желілері мен өндірушілерге бәрін дұрыс жасағанына сенімді болуға көмектеседі. Мамандар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ онлайн режимінде Қазақстанның кез келген өңіріндегі дүкен сөрелерінде не болып жатқанын біле алады, - деді Goods Checker жетекшісі Александра Гончарова.

Әзірлеушілердің айтуынша, жасанды интеллектті қолдану нәтижесінде талданған ақпараттың дәлдігі артып, адами фактор азаяды. Технологияны енгізу сату санын көбейтеді, нақты және уақтылы статистика арқылы сауда нүктелерінің аудит уақытын қысқартады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы