Қазақстан бейбітсүйгіш елдер рейтингінде 67-орынды иеленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың қаңтар-шілде айларында елде экстремизм мен терроризмге байланысты 139 құқықбұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19,8% көп, деп хабарлады Informburo.kz басылымы.

2020 жылы осы уақытта 116 құқықбұзушылық тіркелген еді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 41,1% аз. Ал 2021 жылы алғаш рет осы типтегі қылмыс саны өсіп отыр. 2017 және 2020 жылдары керісінше олардың саны азайып келе жатқан болатын.

Ең көп қылмыс:
Түркістан облысы – 18 жағдай, өткен жылмен салыстырғанда 18,2% аз;
Жамбыл облысы – 16 жағдай, көрсеткіш бір жылда 2 есе өсті;
Шымкентте – 16 жағдай тіркелді, көрсеткіш бір жылда 2 есе өсті;

Ең аз қылмыс саны:
Шығыс Қазақстан облысы – 1 жағдай;
Қостанай облысында – 1 жағдай.

Тіркелген құқықбұзушылықтар негізінен әлеуметтік, ұлтшылдық, нәсілшілдік, тіл тигізу және діни кикілжіңдермен байланысты. Өткен жылдағыдай 48 жағдай тіркелді. Бұдан өзге көпшілікті терроризм жасауға үгіттеу көп кездесіп отыр.

Биыл бейбітшілікті сүйетін халықтар рейтингінде Қазақстан 163-орынның ішінен 67-орынға жайғасты. Мемлекет индексі 1,94-ті құрады. Индекс жоғары болған сайын елдің бейбітшілікті сүю қабілеті керісінше төмен болады. Индексті есептеу кезінде елде соғыстың ғана емес, зорлық-зомбылықтың болмауы, қысым көрсетіледі деп қорықпау, қауіпсіздік, әртүрлі кикілжің және милитаризация ескеріледі.

ТМД елдері ішінде рейтингте Молдова Қазақстаннан жоғары тұр. Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Тәжікстан, Түркіменстан, Беларусь, Әзербайжан, Украина және Ресей сынды мемлекеттер рейтингте Қазақстаннан төмен тұр.

Бейбітшілікті сүйетін елдер тізімінде Исландия, Жаңа Зеландия және Дания көш бастады. Ал ең соңғы орында – Ауғанстан.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы