Қазақ тіліндегі терминдерді біріздендіру туралы конференция өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» электрондық алаңы аясында «Лингвистикалық терминдерді біріздендіру» тақырыбында онлайн-семинар өтті.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы атқарушы директорының орынбасары Лиза Есбосынова кіріспе сөзінде қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі орны жөнінде ой қозғады.

Қазақ тілін толыққанды ғылым тіліне айналдырудың бір көрсеткіші – салалық терминдер. Ал бүгінгі күннің өзекті мәселесі сол терминдердің сандық та, сапалық та деңгейін арттыру. Оның бірден-бір жолы – терминдерді біріздендіру. . Басқа салалармен салыстырғанда лингвистика саласының терминдері бірқатар жүйеленген. Бірақ соған қарамастан әлі де бұл салада баламасыз шеттілдік терминдер жетерлік. Осы мәселеге арналып, жыл басынан бері 4 офлайн-конференцияның мақсаты – лингвистикалық терминдерді біріздендіруге үлес қосу, -деп атап өтті ол.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Дәуітбекқызы «Лингвистика саласындағы офлайн- конференциялар: нәтижелер, ұсыныстар» тақырыбында баяндама жасады. Бақытгүл Дәуітбекқызы баяндамасында үстіміздегі жылы терминологиялық алаң арқылы өткен «Морфология саласы терминдерінің ұлттық сипаты», «Терминология саласы терминдерінің ұлттық сипаты», «Синтаксис терминдерінің қазіргі сипаты», «Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіндегі жаңа терминдердің қолданысы» онлайн-семинарларын талдай отырып, онлайн-семинарларда ұсынылған терминдерді ортаға салды.

Онлайн-семинар барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ләззат Әубәкірқызы Еспекова, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Г.Т.Кәріпжанова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының докторанты А.Қожахмет, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының докторанты А.Н. Ахмет сынды ғалымдар мен докторанттар фонетика, морфология, синтаксис және терминология салалары терминдері жайында пікір білдірді.

Іс-шара соңында 4 офлайн-конференция бойынша ұсынылған терминдер тізімі әзірленіп, жоғары оқу орындары ғалымдарының сараптамасын алу келісілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы