Қазақ тілінде дубляждалған 32-голливудтық фильм прокатқа шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қазақ тіліне дубляждалған "Малефисента: Түнек Әміршісі" фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Бұл отандық кинопрокатқа мемлекеттік тілде шыққан 32-фильм. 17 қазанда қос тілдегі фильм кең прокатқа шығады.
Фильм "Болашақ" корпоративтік қоры мен "Меломан" компаниясының бастамасымен "Өзіңнен баста" жобасы аясында дубляждалды. Фильмнің алдын ала көрсетілімі Нур-Сұлтан қаласында "Nur Otan" партиясының қолдауымен, ал Алматы қаласында қала әкімшілігінің қолдауымен өтті. Фильм дубляжының демеушісі Еуразиялық Топ.
"Болашақ" корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі, "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жобаның негізгі мақсаты туралы айтып берді.
"Құрметті достар, көрермендер, қонақтар, бүгін біз үшін маңызды күн. 2011 жылы "Өзіңнен баста" жобасы аясында біз Американың үздік фильмдерін дубляждауды бастадық. 1993 жылдан бастап "Болашақ" бағдарламасы аясында қарапайым отбасынан шыққан жастарымыз шетелге барып, білім алуға мүмкіндік алды. Шетелде білім алған болашақ түлектері неміс, ағылшын, француз және басқа да тілді меңгергенімен, олардың негізгі ойы салт-дәстүрді, мәдениетті бойға сіңіру болды. Халқыңа қызмет етемін десең, алдымен өз ана тіліңді білу парызың. Сондықтан "Болашақпен" оқыған бір топ жастың мақсаты елге оралған соң әртүрлі салада өз үлестерін қосып, қызмет ету болды. Бұл жоба осындай игі ойдан туды", - деді Бауыржан Байбек.
Бауыржан Байбектің айтуынша, отандық актерлеріміз Disney-дің дәрежесінде фильмдерді дубляждап, үлкен тәжірибе жинады.
"Жастар маған мемлекет не береді демей, қай салада болсын, істі өз қолына алып, өзінен бастап әрекет етсе, еліміздің жетістігі еселене түспек. Осындай фильмдерді қазақ тіліне аударуға демеушілердің көмегі көп. Әр голивудтық фильм 200 млн доллар тұрады. 32 жобаны аударуға 6 млрд доллардан аса қаражат жұмсалды. Қазақстандық демеушілердің арқасында 1,2 млрд доллар жиналып, осындай жобалар жүзеге асырылып келеді", - деді Байбек.
Дубляжға атсалысқан актердің айтуынша, ол осы күнге дейін қазақ тілінде шыққан фильмнің 15-не атсалысқан.
"Ертеңгі біздің болашағымызға көркеми деңгейі жоғары, техникалық жабдықтауы ең биік тұрғыда түсірілген фильмдерді ана тілімізде көрсетуге атсалысқанымызға өте қуаныштымыз. Мұндай әлемдік деңгейдегі фильмдер неге қазақша сөйлемеске. Өзім 32 фильмнің шамамен 15-іне қатыстым. Болашақ ұрпаққа, жеткіншектерге жасалып жатқан жұмыстар ұнайды деп ойлаймыз. Шығармашылық топ әрқашан сіздерге қызмет етуге дайын", - деді Джон Патша рөлін дубляждаған актер Бекболат Құрманғожаев.
Фильм туралы
Картинаның әрекеті Малефисента Аврора ханшайымына ашулы дуа салған соң бірнеше жылдан кейін орын алады. Фильм Түнек перизаты мен болашақ патшайымның арасындағы күрделі өзара қарым-қатынас туралы, сиқырлы орманды қорғау ісіндегі жаңа одақтастар мен қарсыластар және онда өмір сүретін сиқырлы тіршілік иелері туралы әңгімелейді. Көрермендер түнек перизатын жаңа туған ханшайымды мәңгілік ұйқымен қарғауға итерген себептерін ашқан, 2014 жылғы "Малефисента" картинасын көріп, Disney-дің ең зұлым сиқыршысының жүрегін қатайтқан оқиғалар туралы алғаш рет біледі. Бұл фильм дәстүрлі ертегіге жаңа көзқарасты ұсынды, басты кейіпкерді зұлым сиқыршы етіп, әлемдік прокатта 750 миллион АҚШ долларын жинады. Фильмдегі басты рөлді "Оскар" сыйлығының және "Алтын Глобус" сыйлығының иегері Анджелина Джоли сомдады.
Қызықты деректер
- "Малефисента" мистикалық блокбастерінде (2014 ж.) жоба аясында Малефисентаның рөлін дыбыстауға айрықша құқықтар алынды-Джоли қазақстандық театр және кино актрисасы Гүлназ Әуесбайды өзінің кейіпкерін дыбыстауға жеке бекітті;
- Фильм кастингіне Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан 40-тан астам актерлер қатысты;
- Фильмнің шығуы Ұйқыдағы ару түпнұсқасының 60 жылдығына орайластырылған (1959);
-Вивьен Джоли-Питт, ханшайым Аврораны бірінші бөлікте жас қыз түрінде бейнелейді, Анджелина Джоли мен Брэд Питттің қызы;
- Малефисентаның сиқыры түсін өзгертеді. Ол мейірімді болғанда, оның сиқыры алтын түстес, ал зұлым болғанда, оның сиқыры жасыл.
Дубляж туралы ақпарат
Назерке Леспекқызы (Қазақ дубляжының режиссері), Диас Лес Тегі, Абылай Энгельсов (дыбыс режиссері), Әсел Мамырова (аудармашы), Сауртаева Гүлжан (мәтіндерді салушы), Еркебұлан Әбдірахманов (Редактор), Анель Токирова (Музыкалық жетекші).
Рөлдерді дубляждағандар: Гулназ Әуесбай (Малефисента), Гүлнәр Құрманбекова (Аврора), Әбілмансұр Серіков (Филип), Алтынай Нөгербек (Ингрид), Ерболат Жасұлан (Диваль), Қуаныш Бейсеғалиев (Коналл), Асан Мажит (Борра) және Бекболат Құрманғожаев (Джон Патша).
Гулназ Әуесбай (Малефисента):
"2014 жылы кастинг арқылы осы жобаға өттім. 1-бөлім мен 2-бөлімде Малефисентаның тұрақты дауысы ретінде бекітілдім. Дыбыстау – ол екінші ойнап шығу. Әрине бұл оригиналды түрде ойнаудан ерекшеленеді. Дегенмен әр актердің сезімін, оның басынан аяғына дейінгі оқиғасын алып шығу да ойнап шығумен тең".
Гүлнәр Құрманбекова (Аврора):
"Жасап жатқан кезде көзіңе жас келеді, күлесің. Өзіңнің персонажыңды ойнап жатып, екінші бір басқа персонаждың ішкі тебіренісі, толқынысы екі есе беріледі. Маған сол жағы қатты ұнады".
Әбілмансұр Серіков (Филип):
"Еркелеу не бет алды күле салу сияқты эмоциялар болған жоқ. Сахнадағы атмосфераға байланысты эмоциялар болды".
Алтынай Нөгербек (Ингрид):
"Менің кейіпкерім басында өте жағымды, сүйкімді патшайым болғанымен. Оның барлық айласы, жоспарлары фильм соңына қарай ашылады. Сондай рөлді дыбыстау мен үшін үлкен тәжірибе болды".
Қуаныш Бейсеғалиев (Коналл):
"Кейіпкерімнің өмірге деген құштарлығы, азаттықты, бостандықты аңсауы қатты ұнады. Айналасындағыларға ақылын айтып, түсіндіріп жеткізуі қызық әрі қиын болды".
2019 жылы қараша айында бізді тағы бір қазақ тіліне дубляждалған "Холодное сердце 2"/ "Мұзды өлке - 2" фильмінің премьерасы күтіп тұр.
17 қазаннан бастап Disney-дің жаңа сиқырлы "Малефисента: Түнек Әміршісі" фильмі киноэкрандардан көрсетілімін бастайды.