Қазақ тілін дамытуға бағытталған стартаптардың сайысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі Astana Hub технопаркімен бірге қазақ тілін дамытуға бағытталған IT-стартаптардың Qaz Startup Battle сайысын өткізді.
QAZFORUM қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың V форумы аясында өткен баттлдың жеңімпаздары 3,5 млн теңге ақшалай грантқа ие болды.
Qaz Startup Battle сайысына қатысқан 13 жас ІТ-компания өз өнімдерін министр Бағдат Мусин төрағалық еткен қазылар алқасының назарына ұсынды. Соның ішінде қазақ тіліндегі жазбаша мәтінді тану бағдарламасы, қазақша онлайн-курстар платформасы, шетелдік шығармалардың қазақша аудионұсқасының қосымшасы, қазақстандық авторлардың аудиокітаптар мобильдік қосымшасы, қазақтілді аудиторияға ағылшынша үйрету сервисі және т.б. стартаптар бар.
Технологиялық стартаптар арасынан үздік шыққан жеңімпаздарға - Qlang маркетплейс және онлайн-платформасына 2 млн теңге, Joo.kz абитуриенттерге арналған сервиске 1 млн теңге, On Moms жүкті әйелдерге арналған мобильді қосымша стартапына 500 мың теңге ақшалай грант табысталды.
Қазақ тілі – технологияның тілі емес деген» стереотипті жоюмыз керек. Өткен аптада біз Digital Bridge аясында жалпы қазақстандық стартаптар арасында Astana Hub Battle ұйымдастырған болатынбыз. Ал бүгін қазақ тілін дамытуға бағытталған стартаптарды марапаттадық. Мұндай бастамаларды қолдау аса маңызды,- деді Бағдат Мусин.