Қазақ-тәжік байланысы ерекше екпінмен дамып келе жатыр – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі Милли Мажлисінің Төрағасы Рустами Эмомали ресми сапармен Қазақстанға келді, деп жазды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Жалпы, соңғы жылдары қазақ-тәжік байланысы ерекше екпінмен дамып келе жатыр. Ол екі ел басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонның достық қарым-қатынасының нәтижесі екені сөзсіз. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды үнемі басты назарда ұстап келеді. Биылғы мамыр айында Президентіміздің Тәжікстанға ресми сапармен барғаны белгілі. Сол кезде қос мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме жасап, өзара ынтымақтастықты арттырудың негізгі басымдықтарын белгілеп берген еді, - деп жазды Әшімбаев. 

Соған сәйкес алдағы уақытта Қазақстан мен Тәжікстан Орталық Азияда орналасқан таулардағы мұздықтарды сақтау, трансшекаралық өзендердің суларын тиімді пайдалану, құрғашылықпен күрес сияқты өзекті мәселелерге басымдық береді. Инвестиция, сауда-экономикалық байланыс, ауыл шаруашылығы, көлік-коммуникация инфрақұрылымын дамыту, цифрландыру, ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу және парламентаралық байланысты нығайту салалары бойынша да жүйелі жұмыс жүргізіледі.

Осындай нақты міндеттердің іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан Рустами Эмомалимен екіжақты кездесуімізде осы бағыттарға баса мән бердік. Соның нәтижесінде Қазақстан Сенаты мен Тәжікстан Милли Мажлисі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Алдағы уақытта осы келісім аясында екіжақты өзара іс-қимылды ұйымдастыру және үйлестіру үшін Ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссия құрылады. Комиссия парламентаралық байланыстарды дамыту, заң шығару ісінде тәжірибе алмасу, екі құрылымның байланысын арттыратын ұсыныстар енгізу бойынша жұмыс істейді. Біз бұл ретте нақты және нәтижелі істерге басымдық беретінімізді ерекше атап өткім келеді, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы