Қазақ спорты 2020 жылы несімен есте қалды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тарихтың қойнауына еніп бара жатқан 2020 жылдың оңай болмағанын елдің бәрі жақсы біледі. Әсіресе, коронавирус індеті, карантиндік шектеулер спортқа қатты әсер етті. Бірақ сонда да еңселерін түсірмей, жанкүйерлерін қуантқандары бар. Ендеше, 2020 жылғы қазақ спорты несімен есте қалды деген сұраққа жауап іздеп көрсек.

Жыл қуанышы 

Әуесқой бокстан ерлер құрамасы карантиннің алдында Иорданияның Амман қаласында өткен Олимпиадаға іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетті.  

Ғалымбек Кенжебаев апарған 8 боксшының бәрі де жолдамаға иелік етті. Атап айтсақ, Сәкен Бибосынов (52 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Зәкір Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) Қамшыбек Қоңқабаев  (+91 келі).

16 жастағы чемпион 


Ақпан айында ауыр атлетикадан Ташкенттегі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 16 жастағы Бекболат Рахат әлемдік рекорд орнатты. Бекболат 102 келі салмақта сынға түсіп, жұлқа көтеруде 158 келіні таза орындады. 

Ал серпе көтеруде 198 келіні бағындырып, әлемдік рекордты жаңартты. Қос сайыстың нәтижесі – 356 келі.  

Одан кейін қараша айында Перудің Лима қаласында өткен онлайн-форматтағы әлем кубогында 319 (140+179) келімен топ жарды. 

Рейтингтегі ең жоғары орын 


Ресейден Қазақстанға қоныс аударған 21 жастағы теннисші Елена Рыбакина биылғы жылдың жаңа есімдерінің бірі десек, қателеспейтін шығармыз. Ол әсіресе, жыл басында ерекше қуантты. Рейтингте 17-орынға дейін көтерілді. 

Мысалы, 21 ақпанда Дубайдағы турнирдің жартылай финалында әлемнің үшінші ракеткасы Каролинка Плишкованы жеңді. Одан кейін финалда әлемнің екінші ракеткасы румыниялық Симоне Халеппен кездескен. Бірақ үш сеттің қорытындысы бойынша қарсыласына есе жіберді. Әйелдер теннис қауымтастығы (WTA)  бұл матчты осы жылдың ең үздік ойыны деп таныды. 

Жыл трансфері 


Жыл трансфері деп, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бактиер Зайнутдиновты айтуға болады.

Ол жазғы трансферде  «Ростовтан» Мәскеудік ЦСКА командасына  ауысты. Трансфер құны 2 миллион еуроға бағаланды. Бұл екі команда да Ресейдікі. ЦСКА Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы әрі УЕФА кубогының иегері. 

22 жастағы «Тараз» футболының түлегі команда құрамына тез сіңісіп кетті. Зайнутдинов осы күні әрбір матчқа негізгі құрамда шығып жүр. 

Ұзақ күткен жеңіс 

Алматының «Қайрат» футбол клубы араға 16 жыл салып, ел чемпионы атанды. Соңғы рет олар 2004 жылы топ жарған еді. Биылғы чемпионат пандемияға байланысты екі рет тоқтап, ең соңында тек бір локацияда жалғасты. 

Алматы мен Талғардағы 4 стадионда өткізілді. Алексей Шпилевский жаттықтыратын команда чемпионаттың бітуіне 3 тур қалғанда мерзімінен бұрын чемпион болып үлгерді. 

10 жылдан кейінгі тарихи жетістік 


Велоспорттан әйгілі «Тур де Франс» көпкүндігінің алтыншы кезеңінде «Астана» командасының өкілі, отандасымыз Алексей Луценко жеңіске жетті. «Тур де Франс» велоспорттағы ең беделді дода. Оның бір кезеңінің өзін кез келген спортшы жеңе бермейді.  Қазақстан спортшыларының арасында Алексей Винокуровтан кейін осындай бақыт Алексей Луценкоға бұйырды. 

Жыл дебюті 


Ережесіз жекпе-жектен  әлемдегі үздік лига саналатын Ultimate Fighting Championship лигасында үш қазақстандық алғашқы дебюттерін өткізіп үлгерді. Қыздардан Мария Агапова биыл осы лига аясында екі рет сегіз бұрышқа шықты. 

Алдымен, америкалық Ханна Сайферспен жекпе-жек өткізіп, 3 минуттың ішінде жеңіске жетті. Одан кейін тағы бір америкалық Шана Добсон жолығып, есе жіберіп алды. 

Жалғас Жұмағұловтың  дебюті де сәтті бола қойған жоқ. Есесіне, Шавкат Рахмонов қуантты. Ол Әбу-Дабидегі Яс аралында UFC 254 турнирінде 32 жастағы бразилиялық Алекс Оливейраның мәселесін бірінші раундта-ақ шешіп тастады. 

Орны толмас қаза 

2020 жылы талай арыстарымыз өмірден өтіп кетті. Олардың арасында қазақ спортына өлшеусіз үлес қосқандары да бар.  14 сәуірде 81 жасында Қазақстанның бокс пен дзюдосына үлкен еңбегі сіңген  қайраткер Бекет Махмұтов дүниеден озды. 


Бекет Сапарбекұлы кезінде Қазақстан бокс құрамасы үш рет – Атланта-1996, Сидней-2000 және Афина-2004 олимпиадасында үздік үштіктен көрінді. Ол 2009-2012 жылдары Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болды. Сондай-ақ Азия дзюдо одағының вице-президенті қызметін атқарды. Бекет Махмұтов өзін жаңа салада өте жақсы қырынан танытты.  

Оның осында келуінен біздің елімізде ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионы – Максим Раков, ал 2010 жылы қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов жастар арасында бірінші рет әлем чемпионы атанды. Сол жастардың әлем біріншілігінде біздің командамыз жалпы есепте жоғары екінші орынды иеленді. 

Осыдан 40 жыл бұрын Мәскеу Олимпиадасында елдің еңсесін көтеріп, Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкеміров 2 тамызда 69 жасында коронавирус індетінен көз жұмды. 


Өмірден өткен атақты чемпионның есімі «Жекпе-жек» сарайы мен Тараздағы «Тараз-Арена» спорт кешендеріне берілді. 


Сонымен қатар белгілі спорт комментаторы, футболшы болған Диас Омаров та 80 жасын тойлай алмай жарық дүниемен қош айтысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы