«KazAgro/KazFarm-2021». Елордада 20 елдің техникасы қойылған көрме ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорданың «EXPO» көрме орталығында «KazAgro/KazFarm» халықаралық аграрлық көрмелері ашылды.
Биыл «KazAgro/KazFarm-2021» көрмесін өткізу еліміздің мерейтойымен, яғни Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ауқымды жобаға 20-дан астам елден 120-дан астам экспонент-компания қатысып жатыр. «KazAgro/KazFarm-2021» – Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның аграрлық секторының дамуы мен ілгерілеуін көрсететін өзіндік платформа.
Осындай көрме «EXPO» халықаралық көрме орталығында дәстүрлі форматта алғаш өтіп жатқан аграрлық көрмелер.
Мұнда ауыл шаруашылығы саласының мамандары, оның ішінде фермерлер, импорттаушылар, экспорттаушылар, дистрибьютерлер, көтерме және бөлшек сауда өкілдері күзгі көрмеде жылды қорытындылау, іскерлік байланыстарды қалпына келтіру, жаңа байланыстар орнату және тиімді келісімшарттар жасасу үшін қайта кездеседі.
«МВК ExpoGroup» көрме компаниясының директоры Шолпан Қожабаеваның айтуынша, пандемияға байланысты үзілістен кейін инновацияларға, тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік байланыстарға деген қажеттілік қатты сезіледі.
Бүгінгі таңда әлеуетті серіктеспен тікелей диалог құру мүмкіндігі барлық қатысушыларымызға қажет, - деді ол.
Көрмелер барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты мен экспорты, агроөнеркәсіптік кешенге құйылатын инвестициялар, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологияларының өндірісте қолжетімділігі, өсімдік шаруашылығын дамыту проблемалары тақырыбында семинарлар өтеді.
Көрменің мал шаруашылығы бөлімі де өндірістегі инновацияларға арналады, сондай-ақ құрғақшылық мәселесін шешуге және жемшөп өндірісін арттыруға көңіл бөлінеді.
«KazAgro/KazFarm-2021» көрмелері аясында шақырылған халықаралық судья-сарапшылардың бағалауымен ҚР-дағы ірі қара малдың: қазақтың ақбас, әулиекөл, ангус, герефорд, қалмақ және сүт тұқымдарының арасында әр тұқымның үздік жануары анықталып, ауқымды аукцион және конкурс өткізілді.
Көрме үш күнге созылады.