Қайтыс болғаны туралы анықтаманы онлайн алуға болады

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. eGov.kz порталдан жақындарынан айырылған қазақстандықтар қайтыс болғаны туралы анықтаманы ала алады.

 

Осы қызмет іске қосылумен қайтыс болу және перинаталдық өлім туралы медициналық куәлікті, сондай-ақ қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті міндетті түрде ұсыну бөлігіндегі талаптар алып тасталады. Анықтама алу үшін қайтыс болған адамның ЖСН-ін енгізу жеткілікті. 

Бұрын, көп уақытты алатын бірнеше ұйымға бару қажет еді. Бұл анықтама жерлеу, жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау, қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарын алу және мұраны ресімдеу кезінде ұсыну үшін қажет. Енді оны онлайн режимінде алуға болады, - деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.  

eGov.kz порталында «Отбасы» бөлімінде «Отбасы жағдайы» бөлімшесін тауып, «Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама» қызметін таңдап, оған тапсырыс беріп, ЭЦҚ-мен қол қою қажет.   

Оның нәтижесімен eGov.kz порталдағы пайдаланушының жеке кабинетінде танысуға болады. Бас тартудың себебі дұрыс толтырылмаған деректер немесе қайтыс болу туралы акт жазбасының болмауы болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, деректерді тексеріп, қызметке қайта тапсырыс беруіңіз керек. Ал екінші жағдайда - уәкілетті мемлекеттік органға хабарласыңыз. Аталған қызмет Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы қолжетімді. Ал барлық деректер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы