Қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында әр өңірде облыстық Кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі.
Сала мамандарының сөзінше, қарапайым тұрғындар, әсіресе, шалғай ауданда тұратындар үшін игі бастаманың тиімділігі өте мол. Өйткені бұл жобаға тек жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ғана қатыса алады. Жеке кәсібін ашуға ниеттенгендерге көрсетілетін бұл қолдау соңғы 2-3 жылда көптеген ауыл тұрғынының тірлігін тіктеуге сеп болды.
Жобаның тиімді тұстарының бірі – мұндағы бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылған. Кәсібін ашуға ниеттенгендерге білікті бизнес-тренерлер дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретеді. Мәселен, Шу ауданы бойынша биылдың өзінде 700-ге жуық тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болса, оларға барлығы 345 миллион 900 мың теңге қаржы бөлініпті. Дәлірек айтар болсақ, 395 көпбалалы отбасылар, 18-29 жас аралығындағы 213 жас және мүмкіндігі шектеулі 16 азамат 550 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Оның ішінде 599-ы мал шаруашылығына қатысты кәсіп бастаса, 25 азамат құс шаруашылығын дамытуды қолға алыпты.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда аудан бойынша жылыжай ісін дамытуға құлшыныс білдіріп отырғандар саны да күн санап артып келеді. Солардың бірі – аудан іргесінде орналасқан Белбасар ауылының тұрғыны Медет Мұқатай.
Жалпы, қар көбесі сөгіліп, жерге көк шыққанда егіс науқанының басталатыды. Алайда, қазіргі кезде науқанды күтпей-ақ, жылына бірнеше мәрте өнім алатын жылыжайлардың жұмысын жандандырудың маңыздылығы артып отыр. Осыны ескерген белбасарлық Медет Дәулетбайұлы «Бизнес бастау» жобасы бойынша бір айлық оқуды тәмамдап, қолына алған қаржысын жылыжайды дамытуға бағыттапты. Оның айтуынша, тамыры тамшыдан нәр алатын қиярдан жылына екі өнім алуға болады екен.
Өткен жылдың қазан айында аталған жоба бойынша бір ай оқып, қолымызға сертификат алдық. Білікті бизнес-тренерлерден тәлім алып, желтоқсан айында 505 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Негізінен жылыжай құрылысын өткен жылдың көктемінде бастағаныммен, қаржылық ахуалға байланысты тоқтап қалған болатын. Енді, міне, мемлекеттен берілген көмектің арқасында кәсібімді дөңгелетіп отырмын, - дейді «Медет» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі.
Ол ұтып алған грантының қаражатына ұзындығы – 24 метр, ені 8 метр болатын жылыжайға жылу жүйесі мен кленка орнатып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Содан соң Алматы қаласынан 1000 түп қияр тұқымын жеткізіп, оны 6 арыққа егіпті. Ақпан айында егілген қияр 60 күннен кейін алғашқы өнімін бере бастады. Ол пісіп-жетілген кезінде күніне 40-50 келіден бір ай бойы өнім береді.
Жылыжайдағы қиярдың мол өнім беруінің бірден бір себебі – тамшылатып суару әдісі екені белгілі. Өйткені, бұл жүйе суды тұқымның дәл түбіне әрі белгілі мөлшерде жеткізіп отырады.
Дайын өнімді ауылдағы азық-түлік дүкендері мен ауданның орталық базарына саудалаймын. Қиярдың нарықтағы бағасы 100 теңгеден болып тұрғанда, біз 70 теңгеден саттық. Одан кейін 15 күн жерді демалтып, тыңғайтқыш сеуіп, шілде айында қайтадан ектік. Оның өнімін жуырда ғана жинап біттік. Соңғы науқан кезінде екі жарым тонна өнім жинадық, - деп түсіндірді Медет Мұқатай.
Егіс алқабындағы егінге қарағанда жылыжай ішінде өсетін дақылдар күтімді көп қажет ететіні анық. Тиісінше, өнімі де мол. Уақытында дәрілеп, іштегі температураны тұрақты ұстаса болғаны. Медеттің айтуынша, ең маңыздысы – көшеттердің енді-енді күш ала бастаған шағында дақылға ерекше күтіммен қарау екен. Осы орайда, жас кәсіпкердің Шу ауданындағы қиярға деген сұранысты қанағаттандырумен қатар, сол арқылы көл-көсір табысқа кенеліп отырғанын да айта кету керек.
Көзін тапса, бұл өте табысты тірлік екенін түсінетін Медет алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отыр.