«Қайрат» тағы ұпай жоғалтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматының «Қайрат» клубы премьер-лиганың 9-турында Петропавлдың «Қызыл-Жар» клубымен тең түсті.
Бұл ойын Петропавл қаласындағы Қарасай батыр атындағы стадионда өтті. Алматы клубынан ойынға бразилиялық Вагнер Лав қатыса алмады. Ол 8-турда «Ордабасы» клубымен кездесуде алаңнан қуылған.
Матчтағы есепті 28-минутта «Қайрат» футболшылары ашты. Бұрыштама добынан әуелетіп берген допты қорғаушы Денис Поляков басымен қақпаға кіргізді. Бұдан соң, ұзақ уақытқа дейін таблода өзгеріс болмаған.
Екінші таймда алаң иелері таразы басын теңестіре алды. Кездесудің 78-минутында бұрыштама добынан Әлібек Қасым мергендігімен көзге түсті.
Жас футболшы осымен төртінші ойын қатарынан гол соғуын жалғастырып жатыр. Айта кетейік, Әлібек Қасым «Қайрат» клубының түлегі.
Алматы командасы 9 турдан кейін 16 ұпаймен төртінші орында тұр. Көшбасындағы «Астана» 7 ұпайға ұзап кетті.
Алексей Шпилевский шәкірттерінің биыл ұпай жоғалтуы жиілеп кетті. Осыған дейін «Тараз», «Каспий», «Тобыл» командаларымен тең түссе, «Атыраудан» жеңіліп қалған болатын.
«Қызыл-Жар СК» (Петропавл) – «Қайрат» (Алматы) – 1:1
Голдар: Поляков, 28 (0:1). Қасым, 78 (1:1).