Қайрат Сатыбалдыұлы: Елімізде ұлттық спорт брендке айналды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұлттық спорт үздіктерін марапаттауға арналған дәстүрлі «Алтын тұғыр» салтанаты барысында қауымдастықтың құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы осылай деді.
Ол ең алдымен салтанатты кештің қонақтарын еліміздің 30 жылдық мерейтойымен және 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнімен шын жүректен құттықтады.
Тәуелсіз Қазақстан мен Елбасы есімі қатар аталады. Ел басқару дейтін абыройлы міндетті қазір мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы жалғастырып отыр. Сондықтан, тәубелі тәуелсіздігіміз, бейбіт әрі берекелі еліміздің мерейлі мерекесі баршамызға құтты болсын! – деді ол.
Ол еліміздің 30 жылда ел ретінде іргесін бекітіп, мемлекет болып қалыптасудың жаңа бір кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
Осы жылдар ішінде біздің ұлттық ойындарымыз да өркендеп өсіп келеді. Қазақстанда ұлттық спорт брендке айналды. Әлемдік спортқа тән барлық қағидалар біздің спорттарымызда бар. Қауымдастық – халықаралық федерациялардың толыққанды мүшесі. Спортшыларымыз – Әлем және Азия чемпиондары. Жүздеген Қазақстан чемпиондары өсіп шықты. Чемпионаттар мен турнирлеріміз дәстүрлі түрде өтіп келеді – деді Қайрат Сатыбалдыұлы.
Ол биылғы жылы ұлттық спортта болған жаңалықтарға тоқталды.
Биылғы жылдың бір жаңалығы – Көкпар, теңге ілу, жамбы ату және бәйге бойынша Федерация Кубогіне арналған жарыстар өтті. Қомақты жүлделер қойылды. Жеңімпаздар көлік кілтіне ие болды. Енді осындай жарысты дәстүрлі садаққа қатысты өткіземіз деп отырмыз. Осы ретте аталған федерация басшыларына алғысымды білдіремін – деді ол.
Сонымен қатар Қайрат Сатыбалдыұлы Қостанай жылқысын дамытуды қолғалып, оған мемлекет арнайы көңіл бөлгенін атап өтті.
Биыл тарихы терең, қазақтың ұлттық бренді деп атауға болатын Қостанай жылқысы – қазақтың қазанатын сақтап қалу бағытында елеулі жұмыстар атқарылды. Қостанай жылқысын сақтауға қатысты жол картасы жасалып, бағдарламасы бекітілді. Осы іске бел шеше кірісіп, азаматтық танытқан Премьер-министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов мырзаға айрықша алғысымды айтамын – деді қауымдастықтың құрметті президенті.
Сонымен бірге ол Елордамызда өтетін ұлттық спорт шараларына үнемі қолдау білдіріп жүрген қала әкімі Алтай Сейдірұлының, қауымдастықтың президенті Бекболат Тілеуханның атқарып жатқан жұмысына, ұлттық спортқа сіңіріп жатқан еңбегіне жоғары баға берді.